Ұлттық арнадағы «Келбет» бағдарламасының кезекті шығарылымы Қазақ телевизиясының ардагері Ләзиза Аймашеваға арналды. Оның негізгі мамандығы - дәрігер. Бағдарлама барысында диктор алғаш телевизияға қалай келгені туралы бөлісті.
«Ең алғаш наурызда үшінші студиядан шықтым. Режиссерім Сапарғали Шәріпов болды. Ол «сен бірінші рет Қазақ телевизиясының хабарын жүргізесің, бәрін жатқа айтпа, қағазға қарап қой», - деді. Бәрін жаттатқызатын, жаттау қабілетім күшті болды», - дейді Ләзиза Аймашева.
Оның айтуынша, дикторға қажет бірінші қасиет те жаттау қабілеті. Түсіндірме, интонацияның болуы. Сонымен қатар, белгілі диктор балалық шағына саяхат жасап, отбасы мүшелерімен таныстырды. Өзі қызмет еткен жылдары 13 диктор тәрбиелеп, жаңалықтар жүргізушілігіне Ласкер Сейітовті алып келген. Дикторлықтан кейін режиссерлік қызметті де атқарған.
Танымал тележүргізушінің жолдасы отандық телевизияның ашылуына көп үлес қосқан жандардың бірі - Кенжеболат Шалабаев.
«Қазіргі тәуелсіз телевизияның ішінде тек «Қазақстан» Ұлттық арнасын көремін. Беталысы жақсы. Қазір жастар шығып жүр. Оған қатты қуанамын. 8 наурыз күні Қазақ телевизиясына 60 жыл толады. Бәрі қазақша, соған ризамын. Телевизия - менің өмірім. Мамандықты жақсы көрсең, ары қарай қолдан келмейтін ешнәрсе жоқ. Талап, ой, мақсат, бәрі орындалады», - дейді телевизия ардагері.