Алаш жұрты тұңғыш диктор Ләзиза Аймашеваны ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш жұрты тұңғыш диктор Ләзиза Аймашеваны ақтық сапарға шығарып салды

19.06.2019

Қазақ телевизиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұңғыш диктор Ләзиза Аймашеваны алматылықтар ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасуға арналған қаралы жиынға оның әріптестері мен туған-туысқандары жиналды.

 

Ләзиза Аймашева 1932 жылы 8-наурызда Жамбыл облысы, Қордай ауданының Қаракемер ауылында туған. 1955 жылы Алматы Мемлекеттік медицина университетін бітірген. 1959 жылы іріктеуден өтіп, қазақ телевизиясына дикторлық қызметке алынған.

 

Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстанның құрметті журналисі:

  

Өзінен кейін де қаншама дикторларды эфирге шығаруға ықпалын жасаған адам. Осы Ләзиза апамыз. Ләзиза апамыздың дәуірі ол бөлек дүние екендігіне мен күмән келтірмеймін. Ол жайында әлі талай ғылыми еңбектер жазылады ғой деген үмітім бар. Сондықтан, қазақ жұртының ішкі мәдениетінің көтерілуіне ықпал еткен апамыздың жатқан жері жайлы топырағы торқа болсын! 

 

1971 жылдан бері әр түрлі бағдарламаның редакторы қызметін атқарған білікті маман 1977 жылы Қазақ теледидарының көркемдік жетекшісі болған. Көптеген жас дикторлардың талантын танып, жолын ашқан.

 

Ләзиза Аймашева, тұңғыш диктор /"Келбет" бағдарламасы, 01.02.2018 ж./:

 

Назарбаев атындағы көше ғой енді. Фурмоноваға келдім. Киоскіге келдім. Сөйтіп киоскіге келсем бір жігіт тұр әдеміше келген.

Бұл жерде тума-туысқандарың бар ма? - Жоқ.

Жүр менімен бірге,- дедім. Қайда?- дейді. Телевизияға барамыз,- дедім.

Содан жаңалыққа отырғызды. Жаңалықты оқиды, әдемі дикциясы бар.

Ласкер Сейітов.

 

Ласкер Сейітов, Қазақ телевизиясының ардагері:

 

1962 жылы қазақ телевизиясының конкурсынан өткенде октябр айында «біссімілә» деп мен Ләзизәні көргенмін. Содан бері біз 94-ші жылға дейін қазақ телевизиясында 32 жылдай бірге жұмыс істедік бір есіктен кіріп, бір есіктен шықтық. Ол кісі маған үлкен ұстаз еді.

 

Ләзиза Аймашева "Кино туралы әңгіме", "Киносаяхат клубы", "Кино, уақыт, замандас", "Табиғат және біз" сияқты циклдік хабарлардың режиссері болған. Сондықтан, саналы ғұмырын қазақ телевизиясының өркендеуіне арнаған мәдениет қайраткері Ләзиза Аймашеваның жарқын бейнесі қалың көрерменнің жүрегінде қатталып, Ұлттық арнаның "Алтын қорында" мәңгі сақталады.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу