Орталық алаңдағы шеруді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Жас Ұлан мектебінің барабаншылар ротасы бастап шықты. Жас әскерилердің ізін ала Қорғаныс министрлігінің ең таңдаулы офицерлер құрамы қадымдап өтті.
Құрлық әскерінен кейін әуе қорғанысы, әскери теңіз күштерінің сарбаздары сап түзеді. 2,5 сарбаздың алдында әр қызметтің, әр батырдың ерлігі үлгі етілді.
Сонымен қатар, қазақ әскерінің басты әлеуеті артиллерияның мүмкіндіктері де көпке таныстырылды. Сарбаздар сап түзеп өткеннен кейін алаңда әскери көліктердің шеруі басталды.
Көптің назарына ұсынылған жаңа үлгідегі қару-жарақтардың, техникалардың дені - отандық өнім. «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясына қарасты өндірістерде жетілдірілген.
Мерекелік шараға Елбасы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Отан қорғаушыларды мерекемен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Тәуелсіздік жылдары еліміз кәсіби армия қалыптастырды. Ел мүддесіне толық сай келетін әскери Доктрина қабылдады. Біздің қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалған. Еліміздің армиясы - бес қаруы сай армия. Бүгінгі әскери шеру осының дәлелі болса керек. Біздің әскери Доктринамыз бейбітшілік жағдайындағы қорғанысқа бағытталған. Барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Шекарамызды толығымен айқындап, бекіттік. Дегенмен, әр мемлекет өзінің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жан аямай қорғай білуі тиіс. Бүгінгідей алмағайып заманда армиямыз сақадай-сай болуы керек.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС