Алматы облысы: Қаракемер ауылының халқы Жеңіс мерекесін тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: Қаракемер ауылының халқы Жеңіс мерекесін тойлады

09.05.2014
Алматы облысы: Қаракемер ауылының халқы Жеңіс мерекесін тойлады
Ұрандап ұрысқа ұмтылған абзал жандардың қатарында Қаракемер ауылының тумалары Рақымжан Тоқатаев пен Қашаған Жаманғараев аталарымыз бар. Қос батырдың құрметіне ауыл халқы Мәдениет үйі алдынан ескерткіш орнатты. Бүгінгі бейбіт заманға тәубе десіп, өскелең ұрпаққа бата берді.

Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен заманда елін қорғау үшін Алматы облысынан мыңдаған азамат аттанды. Бірі қаскөй жаумен жаға жыртысып майдан даласында мерт болса, енді бірі жау әскерін талқандап, елге есен оралды.
 
Тектіліктің айғағын танытқан қаракемерлік халық бүгін ардагерлерді ұлықтап, ауылдан шыққан екі Кеңес одағының батыры Рақымжан Тоқатаев пен Қашаған Жаманғараевқа арнап ескерткіш орнатты.
 
Сейітқали Оразбаев, соғыс ардагері:
Соғыс болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
 
Райыс Рысдәулетов, тыл ардагері:
Соғыс болмасын. Ауызбіршілік, тыныштық болсын. Жастар еңбек етуі керек.
 
Жеңіс мерекесіне орай ауылда бүгін күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің шымылдығы түрілді. Алғашқы концертін өнерлі ұжым ардагерлер құрметіне арнады.
 
Соғыс кезіндегі жауынгерлер рухын қайраған әндерді шырқап, күмбірлі күйден шашу шашты. Салтанатты шара барысында «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне жаңа партиялық билеттер табысталды.
 
Ерғазы Қошанбеков, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Еңбекшіқазақ ауданында «Нұр Отан» партиясының 10 мыңға жуық мүшесі тұрады. Партияның Доктринасы қабылданғаннан кейін партия билетін ауыстыру қажет болатын. Міне, бүгін 7 адамға салтанатпен тапсырып жатырмыз.
 
Жаңа партиялық билетті алған азаматтар қатарында 40 жыл ұстаз болып еңбек еткен Бақберген Әшімов те бар. Бүгінде ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлесін қосып келеді.
 
Бақберген Әшімов, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:
2050 жылға дейін 30 ең дамыған елдің қатарына жететінімізге кәміл сенемін. Өйткені, елдің жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. «Нұр Отан» партиясының билетін алғаным ол тек қана маған үлкен міндет жүктейді. Сол міндетті абыроймен орындауға тырысамын.
Қаракемер ауылы ауызбіршілікке ұйыған татулықтың үлгісі іспеттес. Бүгінде үлгілі ауылда Елбасы жүктеген мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу