Ардагер Жеңіс мерекесінде туған күнін тойлауда

09.05.2014
Ардагер Жеңіс мерекесінде туған күнін тойлауда
 
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында тұратын соғыс ардагері  Бостан Райымқұловтың туған күні Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс. Дәл бүгін қария 103 жасқа толды. Қарт майдангер бір ғасырды еңсерсе де әлі тың. Қимылы ширақ, емін-еркін жүріп тұра алады. 
 
Бір ғасырды еңсерген қария қазір саялы Сарыағаш ауданының ең қарт тұрғыны саналады. Жігер-күші мықты ардагер жасы жүзден асса да, қарттыққа бой алдырмаған. Тек соғыс кезінде алған жарақатым болмаса, денім сау, дейді қария. Ақсақал таза ауада тынығып, немерелерімен тілдесіп отырғанды ұнатады екен.
 
Көп жасаудың сырын ақсақал үнемі қимыл-қозғалыста болуымен түсіндіреді. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен ол тынымсыз тірлік істедім дейді. Содан болса, керек аса көп ауруға бой алдырмаған.
 
Ал сұрапыл соғыстан аман оралуын Жаратқанның жазуы, деп санайды. Днепр өзені жағасында болған қиян-кескі шайқаста қаншама қаруласын жоғалтып, өзі жарақат алған. Тіпті, командирлерімнің де сондай ұрыстан аман қалғаныма таңғалған кездері болды, дейді майдангер.
 
Бостан Райымқұлов, 103 жастағы ардагер:
Шақырып алып айтады. Сен адамбысың, шайтанбысың, дейді маған. Сенің қасыңдағы неше миллиондаған адам жоқ. Сені Құдай сақтайды, дейді маған.
 
Бостан Райымқұлов әскерге 42-ші жылдың күзінде шақырылып, бірден Украина шебінде соғысып жатқан Жуковтың армиясына түсіпті. Орел, Харьков, Белград қалаларын азат етуге қатысыпты. Содан Берлинге дейін жетіп, жеңіс туы желбіреген сәттің куәгері болыпты.
 
Ерлігі үшін де бірнеше орден, медальмен марапатталған. Содан бері қаншама жыл өтсе де сұрапыл соғыстың естеліктері байырғы майдангердің әлі де есінен шыға қоймаған.
 
Бостан Райымқұлов, 103 жастағы ардагер:
Курск, Белград, Орлов Жуковтың армиясы. Оның қол астындағы жауынгерлердің қатары өте көп.
 
Бүгінде ақсақалдың кіндігінен өсіп-өнген ұрпақтың өзі үлкен әулетке айналып отыр. Ұл-қыздарынан тараған отыз шақты немере-шөберелері көз қуанышы, көңіл жұбанышы.
 
Олардың барлығы да жылда қарашаңырақта бас қосып, аталарын Жеңіс күнімен, әрі туған күнімен құттықтайды. Бұл Райымқұловтар әулетінің жаңылмайтын дәстүрі.
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу