Шекарашылар соғыс құрбандарына тағзым етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекарашылар соғыс құрбандарына тағзым етті

09.05.2014
Шекарашылар соғыс құрбандарына тағзым етті
Шекарашылар соғыс құрбандарына тағзым етті. Қостанай облысының Обаған аулында шайқастан оралмаған майдангерлер ескерткішіне осындағы застава жауынгерлері гүл шоқтарын қойды. Ел шебін күзеткен сарбаздар жергілікті тұрғындармен бірге Жеңіс мерекесіне арналған іс-шараға қатысты.  
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мына ағаштардың арғы жағынан Ресей жері басталады. Әне, қарсы бетте көрші мемлекетке қарасты елді мекендер де көрініп тұр. Осы аумақтағы 45 шақырымға созылып жатқан шекара бойын «Обаған» заставасының жауынгерлері күзетеді.
 
Застава - Обаған аулының дәл түбінде орналасқандықтан осы елді мекеннің атауын иеленген. 1931 жылы іргетасы қаланған шағын ауылдан соғысқа 60-қа жуық адам аттаныпты.
 
Соның басым бөлігі майдан даласынан оралмаған. Бүгін тұрғындар мен шекарашылар боздақтардың аты жазылған ескерткішке тағзым етті. Соғыс әкелген қайғы-қасірет туралы естеліктер айтылды.
 
Болат Кәрібаев, Обаған ауылының тұрғыны:
Соғысты қарапайым халық қаламайды, қарсы. Билік басындағылар, ауқатты азаматтар, билікке таласып, Украинадағы сияқты, кесапат жағдайға жол бермеуі керек.
 
Тұрар Әбілқасов, оқушы:
Біз соғыстың зардабы туралы тарихтан оқып білеміз. Жас ұрпақ соғыстың болмағанын тілейді. Соғыс деген сөздің жойылғанын тілейді. Соғыс анасын баласынан, баласын анасынан айратынын да білеміз.
 
Аманкелді Оспанов - Обағандағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері. Кезінде әйгілі «Катюшаның» оқтаушысы болған сарбаз, жуырда тоқсан жасқа толады. Қария өз бетінше жүріп-тұра алмайтындықтан аудан басшылары мен жергілікті азаматтар оны үйіне келіп құттықтады.
 
Шекарашылар жергілікті тұрғындарға тек мерекелік іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де көмек қолын созып отырады.
 
Азамат Айдаров, «Обаған» шекара заставасы басшысының уақытша міндетін атқарушы:
Соңғы 2012 жылғы мемлекеттік шекара туралы заңда, мемлекеттік шекараны барша Қазақстан азаматтары қорғау керек деп көрсетілген. Сол бойынша ауыл тұрғындары шекара бұзушыларды байқаса бізге ақпарат беріп отырады.
 
Шағын ауылда жас буынды соғыстың қасіретін ұмытпай, бейбіт күннің қадірін білуге тәрбиелеуге айрықша мән беріледі. Ал ел тыныштығын күзеткен сарбаздардың күнделікті тірлігі өскелең ұрпаққа үлгі өнеге.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу