Соғыс ардагері сарбаздармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соғыс ардагері сарбаздармен кездесті

08.05.2014
Соғыс ардагері сарбаздармен кездесті
 
1941 жыл. Дүние астаң-кестең болған шақ еді. Соғыс өрті шарпымаған жер қалмады.
 
Түнерген аспан, төңкерілген танкілер. Айнала қып-қызыл оқ пен өрт. Осы жылдары Отанды қорғау үшін республикамыздан 2 миллионға жуық адам қару асынып, майданға аттанды. Солардың қатарында десантшы Бейсенбек Есімбеков те болды.
 
Бұл соғыс басталды деген сөз емес. Соғыс бола қалған жағдайда әскери қызметкерлердің іс-әрекеті. Десантшылардың дайындық барысы. Еліміздің қазіргі Қарулы Күштері болып саналатын сарбаздарға бүгін ардагер – Бейсенбек Есімбеков қонаққа келді.
 
Қария майданды еске ала отырып, жас қырандарға дәріс оқыды. Сол күндерден естелік ретінде қалған картадан қанды қырғында жүріп өткен жерлерін көрсетті.
 
Бейсенбек Есімбеков, соғыс ардагері:
Жертөледе тұрдық. Ол өте суық еді. Біріннің үстіне бірі төселген тақтай сөрелерінің үстінде жаттық тығылысып. Киген киімдеріміз майдандағы өлген солдаттардың киімдері, жыртылған, қанмен былғанған. Сондай киімдерді әкеп беретін.
 
Жасы тоқсанға таяған қарияның аз-маз жанары тайып, әжімі тереңдегені болмаса, сөзі – уәлі, қимылы – ширақ.
 
Бейсенбек Есімбеков, соғыс ардагері:
Құрметті, десантшылар! Қазіргі заманда біздің жас мемлекетіміз де, сол кездегі америкалықтар сияқты өте жаңа қарулармен қаруланған екен. Осы қарудың иесі - сендер. Егемен Қазақстанымызды қорғаңыздар!
 
Жеті жыл бойы майдан даласында болған Бейсембек Есімбекұлы 1949 жылы елге оралады. Сол жылы жары Бибайшамен отау тікті. Алпыс төрт жыл бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп жатқан қариялар   бүгінде он екі ұл-қыз тәрбиелеуде. Олар бүгінде қырық немере, қырық бір шөбере сүйіп отыр.
 
Бибайша Есімбекова, жары:
1948 жылға дейін халықтың жағдайы қиын болды. 1947 жылы ашаршылық болды. Сол уақытта ғой бидайды есекке айырбастап келген. Ашаршылықты да көрдік.
 
Елімізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге қанша құрмет көрсетілсе де, артық болмасы анық.
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу