Бүгін - Рейхстагқа ту тігілген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Рейхстагқа ту тігілген күн

30.04.2014
Бүгін - Рейхстагқа ту тігілген күн
1945 жыл. 30 сәуір. Сағат 11.00 мен кешкі 19.00-дің арасы. Отан қорғау жолында от кешкен батырлардың теңдессіз ерлігінің арқасында Берлин операциясы сәтті аяқталды. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа бірінші жетіп, жеңіс туын тікті.
 
Ерен ерлігі кейіннен еленген қазақ азаматы тағдыр тауқыметін де ерте тартқан. Үш жасында анасынан айырылып, 13 жасында әкесі НКВД түрмесіне жабылады. Жетімдіктің зардабын көрген жас бала батылдығының арқасында Ақмола облысының Майтөбе ауылындағы жеті жылдық мектеп-интернатқа орналасады.
 
Елін қорғау жолында 1942 жылы Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Атқыштар дивизиясына түскен Рақымжан Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап, I Беларусь майданында взвод басқарады. Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасты.
 
Соғыстан кейінгі жылдары ол Эльба бойындағы Кеңестік оккупация әскери бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола оьблыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор, ал 1967 жылдан бастап Алматы қонақүйінің директоры болып еңбек етеді.
 
Қайсар азаматқа 1999 жылы Тәуелсіз еліміздің Халық қаһарманы атағы берілді.

Хабарламаларға жазылу