Оңтүстікқазақстандық бағбандар биыл 120 мың тонна жеміс жинады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстікқазақстандық бағбандар биыл 120 мың тонна жеміс жинады

18.12.2017

Тәуелсіздік мерекесі биыл да әрбір оңтүстікқазақстандық үшін жақсылықтың жаршысы болды. Шаруалары жеміс пен бау-бақшадан рекордтық өнім жинады. Өңірдегі демографиялық өсімнің арқасында халық саны 3 миллион адамға жуықтады. Сондай-ақ, Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде өзіне жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен аяқтап отыр.

Ала жаздай тынбай еңбек еткен бағбандар Тәуелсіз ел тарихында биыл тұңғыш рет 120 мың тонна жеміс теріп алды. Шаруалар мұндай табысқа озық технологияларды пайдаланудың  арқасында қол жеткізді. Бүгінде өңірде 58 мың гектар алқап тамшылатып суарылады. Бұл - еліміздегі осындай технологияға негізделген егіс алқабының 72 пайызы. Одан бөлек, тағы 1 миллион 300 мың тоннаның бақша өнімі жиналды.

Сейітжан Жиенбайұлы, жұмысшы:

 - Ауа райы биыл қолайлы болды. Соған байланысты жүзімнің өнімі де жақсы. Күніне 200-250 келі теріп жатырмыз.

Тәуелсіздік жылдарының ішінде өңір халқының саны да өсті. Бүгінде 3 миллионға жуықтайды.  Нақтысы 2 миллион 837 мың. Олардың 45 пайызы қалада тұрып жатса, жартысынан көбі ауыл-аймақтың өсіп өркендеуіне үлес қосып жүр. Табиғи өсімнің арқасында жыл сайын халық саны 65 мың адамға көбейіп отыр.

Мұқан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:   

- Ана өлімі 47 %-ға төмендеді. Былтыр 1-ші орын едік, биыл  9-шы орынға түстік. Нәресте өлімі де төмендеді. Онкологиялық аурулар, туберкулезден бастап, өлім-жітім, барлығы азайып жатыр.

Мәдени астана мәртебесіне ие болған Түркістан биыл түркі жұртшылығының ынтымағын одан әрі бекемдей түсті. Театр өнері мен би фестивалі, опера жұлдыздарының концерті, ақындар айтысы, күлкі жәрмеңкесі, суретшілер көрмесі, ақын-жазушылардың кездесулері. Түркістан төрінде жыл бойына осындай 40-қа тарта түрлі шара өтті. Соның арқасында бауырластық, достық нығайды. Түркілік мәдениет пен өнер әлемге танылды. 

Ғани Қалмаханов, тілші:  

- Тұғыры биік, іргесі бекем Тәуелсіздігіміздің арқасында өңірдің тыныс-тіршілігі осылайша жанданып, қарыштап өсіп келеді. Келер жылы облыс қазынасы тағы 32 миллиард теңгеге өсіп отыр.Соның есебінен ауыл-аймақтарда 320 әлеуметтік нысан бой көтермек. Бұл өңір халқының тұрмысын жақсартумен бірге Тәуелсіз еліміздің күш-қуатын еселей түсері сөзсіз. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу