ОҚО-да  шайынды судан электр қуаты мен биогаз өндірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да  шайынды судан электр қуаты мен биогаз өндірілуде

22.11.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында Шымкент қаласынан шығатын шайынды сулардан биогаз өндіріліп, одан электр қуаты алына бастады. Жаңадан іске қосылған биогаз кешені сағатына 500 кВатт электр энергиясын шығарады. Орталық Азия аумағында алғашқы болып салынған кешен құрылысына 2 млрд. 300 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл жоба биыл Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде көпшілік назарына ұсынылған.

Бұл - шаһардан шыққан шайынды сулардың шөгіндісін арнайы пеште қыздыру процесі.  Құрамындағы су бөлек тазартылып алынған соң, түбінде қалған қоймалжың тұнба 35-37 градус ыстықта ашытылады. Бактериялардың көмегімен газ және қышқыл түзіледі. Осылайша, мұнда тәулігіне 300 текше метр метанды газ өндірілуде.

Игорь Гасанов, цех басшысы:

- Бөлініп шыққан газдың құрамы әрі қарай күкірт қышқылынан тазартылады. Сөйтіп, мембранды қоймаға жиналады. Бұдан кейінгі процесте жиналған газды сорғылардың көмегімен жағу арқылы генаратор қондырығысын қозғалысқа келтіреді. Нәтижесінде электр қуаты мен 842 киловатт мөлшерінде жылу энергиясын аламыз.

Чех технологиясына негізделген қондырғы тәулігіне 50 мың текше метр сарқынды суды тазартуға қауқарлы. Ал, Шымкенттің кәріз жүйелері арқылы күнделікті 120 мың текше метр  шайынды су шығады. Сондықтан, келешекте өндірісті тағы екі есеге ұлғайту көзделіп отыр. Өндірілген энергия кәсіпорынның өз қажеттілігіне жұмсалады. Бұдан бөлек, жылына 14 мың тонна тыңайтқыш өндіріледі. Озық технологияның ең тиімді тұсы экологияның жақсаруына сеп болғалы тұр. 

Анарбек Орман, «Су ресурстары маркетингі» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:

- Ауаға жіберілетін ИСО-2 газдың мөлшері 3,4  мың тоннаға азайып отыр. Мұның ішінен алынатын құмдар бар. Оларды құрылысқа пайдаланамыз. Ал, қалған қалдықтардың бәрін ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланып келеміз.

Келер жылдан бастап өндірістің екінші кезеңі жүзеге асады. Бұл кезде өндірілетін энергия тағы 400 кВаттқа артады. Қазір кешен аумағынан тәулігіне 50 мың текше метр су тазарту орны салынып жатыр. Жалпы, облыста баламалы энергия көздерін өндіру бойынша 14 жоба жүзеге асқалы отыр. Солардың бүгінге дейін 4-еуі іске қосылып, қуат өндіре бастады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу