Шетелде де, Қазақстанда да көрермендердің зор ықыласына бөленген «Ертұғырыл» телехикаясының табысты актерлері Нуреттин Сонмез (Бамсы Бейрек), Дженгиз Джошкун (Тургут Альп) және продюсер Мехмет Боздаг Түркия павильонында көрермендерімен кездесті.
Жиналғандар сүйікті актерлеріне сұрақ қойып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Кездесу барысында естелік суретке түсіп, қолтаңбасын қалдырды.
«Қазақстандықтар жылы қабылдады. Өзімді бақытты сезіндім. Көпшіліктің маған жасаған құрметі ерекше. Жақындарымды көргендей әсер алдым. Ыстық ықыластарына ризамын» - дейді Бамсы Бейрек.
Айта кетейік, «Ертұғырыл» телехикаясының Қазақстан арнасынан көрсетіліп жатқанына екі ай. Аз уақыт ішінде сериал көрермен көзайымына айналып үлгерді. Ал, танымал түрік телехикаясының жұлдыздары Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.
ПОП-ЖҰЛДЫЗ БУРАЙ АСТАНАДА
Кездесу соңы қөңілді кешке жалғасты. Түрік өнер майталмандары «Expo Energy Hall» сахнасында қонақтарды өз өнерлерімен тамсандырады. Салтанатты шарада профессор Эрол Парлак және Синан Аййылдыздың орындауында халық әндері шырқалды.
Аталмыш кеште танымал әнші Бурай да өнер көрсетті. Танымал жұлдыз гитарамен қазақтың «Қамажайын» айтты. Қазақстандық тыңдармандар поп-жұлдызбен бірге ән салды. Ерекше ықылас пен тоқтаусыз қошемет бауырлас елдің өнерпазын шабыттандырды.
«Қазақстанға осымен екінші рет келдім. Мұнда әр келген сайын ерекше құрметпен қарсы алады. Астанаға тосынсый ала келдім. Қазақстанда тыңдармандарым көп. Бүгінгі кеште танымал хит әндерімді орындаймын. ЕХРО көрмесімен танысып шықтым. Бұл шара елдер арасындағы бауырмалдылықты арттырады. Қазақстанға келгенде ерекше қуанышпен келемін. Себебі, бауырларыммен қауышамын. », - дейді Бурай.
Түркия елінің ұлттық күніне келушілер дәстүрлі түрік таңғы асынан дәм татып, ұлттық сахнадан әні мен биін тамашалады. «Energy Hall» сахнасындағы концерт «Анатолия оттары» би тобының биімен аяқталды.
БАУЫРЛАС ЕЛДІҢ ТОСЫНСЫЙЫ
Бауырлас ел көрмеге келушілерге тосынсый жасады. Екі адамға Анталияға бір апталық жолдама ойнатылды. Билет қордайлық Қанат Исабековке бұйырды.
«ЭКСПО»-ға бүгін бірінші рет келдім. Қордай ауданынан. Қызым, балам үшеуіміз. Күтпеген тосынсый болды. Қуанып тұрмын. Үйге барып, жарыммен ақылдасамын. Әзірге кіммен баратынымды шешкен жоқпын», - дейді Қанат Исабеков.
Сонымен қатар, екі адамға Астана-Стамбул-Астана бағытындағы ұшақ билеті тарту етілді. Әуе билетін Гүлнара Шоқыбаева ұтып алды. Бұрын Стамбулда болмаған. Қуанышын жасыра алмаған ару алғысын жеткізді. «Таңқалып тұрмын, Түркияға баруды армандайтынмын. Жол билетін ұтудың өзі - бақыт. Мүмкіндікті пайдаланып, бауырластарыма барып қайтуға асығамын», дейді Гүлнара Шоқыбаева.
Әуе билетінің тағы бірі башқұртстандық Андрей Балашовқа бұйырды. «ЭКСПО» өте қызық өтуде. Тақырып жақсы таңдалған. Қазақстанға келіп тұрамын. Бүгін осындай тосынсыйға қол жеткіземін деп ойлаған жоқпын», дейді көрме қонағы.