Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды – Н.Назарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды – Н.Назарбаев

09.06.2017

«Бүгін - біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Көптен күткен халықаралық EXPO-2017 көрмесінің шымылдығы ашылды. Салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Біз EXPO көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады.

Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана нағыз XXI ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады. Көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйымы қатысады. Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймін»,- дейді Елбасы  көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ, тарихы осыдан 166 жыл бұрын басталған шараның әрдайым жаңа иедялардың бесігі болып келе жатқанын, сол игі үрдісті жалғастырған Астана әлемдік инновациялық орталықтың бірі ретінде танылатынын атап өтті.

«EXPO - ғылыми жаңалықтар көрмесі ғана емес, барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Қазақстан көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты дайындалды. Алдыңғы қатарлы технологиялық инфрақұрылым, дербес энергиялық жүйесі бар ЭКСПО қалашығы салынды. 100-ден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Астананың әлеуеттік саласы да даму жолында тың серпінге ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, мәдени ойын-сауық кешендері ашылды. Мұның бәрі көрмеден кейін елдің ортақ игілігіне қызмет ететін болады», - деді Мемлекет басшысы.

Хабарламаларға жазылу