Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен кездесті.
Мемлекет басшысы кездесуде Сыртқы істер министріне Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысуға келгені үшін алғыс айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Иранда өткен сайлауда қазіргі Президент Х.Руханидің жеңіске жеткені туралы хабарды ризашылықпен қабылдағанын атап өтті.
– Мені ислам әлемінде орын алып отырған қарама-қайшылықтар қатты алаңдатады. Өзара түсіністік пен сенім тезірек орнайды деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сыртқы істер министрі Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
– Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейде. Әсіресе Сіздің және Иран Президентінің өзара жасаған сапарларыңыздың арқасында қарқынды дамуда, – деді М.Зариф.
Сондай-ақ, М.Зариф Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтады.