Неміс велосипедшісі EXPO-2017 көрме кешенін көруге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Неміс велосипедшісі EXPO-2017 көрме кешенін көруге келді

10.08.2015
Неміс велосипедшісі EXPO-2017 көрме кешенін көруге келді

Энергиямен жабдықтау, орталықтан жылыту және телекоммуникациялар саласындағы «жасыл» технологиялармен айналысатын RTS неміс компаниясының қызметкері Фолькер Штюве EXPO-2017 құрылыс алаңына сапармен келді. Шілденің басында ол туған қаласы Билефельдтен (Германия) шығып, Астанаға дейінгі 5200 шақырымдық жолды жарыс велосипедімен жүріп өтті.

Фолькер Штюве EXPO-2017 көрмесінің салынып жатқан нысандарымен танысып, «Болашақ энергиясы» тақырыбы туралы көбірек мағлұмат алу үшін осы саяхатқа шығуға бел буған көрінеді.

40 күнге созылған саяхатын велосипедші 4 шілде күні RTS компаниясының Билефельдтегі штаб-пәтерінен бастап, Балтық елдері, Ресей мен Қазақстанның аумағын жарыс велосипедімен жүріп өтті.

Веложарыстың соңғы 100 шақырымында Штювеге оның әріптесі, RTS компаниясының басшысы Дирк Шаумбург қосылды. Велосипедшілер «Екатеринбург-Астана» тасжолында велошабандоздар делегациясымен бірге құрылыс алаңына жетті.

Құрылыс алаңында Ф.Штювеге құрылыс қарқыны туралы мағлұмат беріліп, көрменің негізгі нысандарына экскурсия өткізіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

«Жылы қарсы алып, экскурсия өткізгендеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазірдің өзінде EXPO-2017 жобасы өзінің ауқымымен және мақсаты биік жоспарларымен таңқалдыруда. Сондықтан, маған нысандарды 2017 жылы салынып біткен күйде көру аса қызықты болып отыр.

Құрылыс алаңымен танысқаннан кейін, Қазақстанның құрылыс барысында энергия тиімділігіне және экологиялық таза өнім мен технологияларды қолдануға үлкен көңіл бөліп отырғанына көз жеткіздім. 2017 жылы Астанаға отбасыммен бірге келемін», - деді Ф.Штюве.

EXPO-2017 көрмесі «Болашақ энергиясы» ұранымен өткізіліп отырғандықтан, Ф.Штюве веложарыс экологиялық таза технологияларды қолдануға оның жеке өзінің қосып отырған үлесі деп есептейді.

Хабарламаларға жазылу