«Астана EXPO-2017» ҰК басшылығы мен бас мердігерлердің Қазақстан аймақтарындағы кәсіпорын өкілдерімен кезекті кездесуі аяқталды.
Астанада өткен мәжіліс жұмысына Қарағанды облысының құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын және тағы да басқа салаларда қызметін жүргізіп жатқан барлығы 40-тан аса кәсіпорынның басшылары қатысып, ынтымақтастық жүргізу мәселелерін талқылады.
«Көрмеге қатысушы елдерден 4,5 мыңнан аса адам келеді. Сондықтан, құрылыс саласын ғана емес, қызмет көрсетудің барлық саласын отандық тауарлармен қамтамасыз ету қажет. Көрме аяқталғаннан кейін бұл кешеннің қызметі тоқтап қалмайды. Мұнда Қаржы орталығы орналасады», - деді «Астана EXPO-2017» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Алмаз Жаманбеков.
Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы металл бұйымдары, тоқыма, болат төсемдер, қабырғалық қалқалар, бағаналар мен темірбетонды бұйымдар өндірісімен айналысатын 13 компания Қазақстандағы ең ірі құрылыс нысанына өнімдерін жеткізу туралы меморандумдарға қол қойған.
Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 6 миллиард теңгені құрайды.
«Астана EXPO-2017» ҰК бас мердігерлерімен келісімшарттарға отырған жеткізуші кәсіпорындар қатарында «АрселорМиталлСтил» ЖШС, «Имсталькон» ЖШС, «Металл Профиль зауыты» ЖШС, «PowerBeton» ЖШС, «Промгарант» ЖШС, «СпецМашХолдинг» ЖШС бар.
Айта кетейік, 2014 жылдың 7 қарашасында «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ және Қарағанды облысының әкімдігі көрме нысандарының құрылысына отандық тауар өндірушілерді тарту туралы меморандумға қол қойған..