«The Sun Trip». Астанаға жол. Экспо-2017» велошеруі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«The Sun Trip». Астанаға жол. Экспо-2017» велошеруі

23.07.2013
«The Sun Trip». Астанаға жол. Экспо-2017» велошеруі
«The Sun Trip». Астанаға жол. Экспо-2017». Осындай атпен өткен айда  Францияда велошеру басталған.
 
Совайя қаласынан 15 маусымда аттанған саяхатшылардың алғашқысы бүгін елордаға жетті. Ол - Раф Ван Холь. Велошабандозды Астана тұрғындары қошеметпен қарсы алды.
 
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Мына велосипедпен Рав Ван Холь Францияның Совайя қаласынан бері қарай 7,5 мың шақырымды жүріп өткен. Көріп отырғандарыңыздай, бұл қарапайым велосипед емес. Алдында және артында күн көзінен қуат алатын арнайы панел орнатылған. Оның астында велошабандоздың керек-жарақтары салынған дорбалары орнатылған. Мына жерде жол сілтеуіш GPS навигатор орнатылған. 
 
Бұл велобәйгеге Бельгия, Канада, Чехия, Швейцария елдерінен 33 адам қатысқан. Астананаға ең бірінші боп жеткен белгиялық шабандозды жұрт ерекше ілтипатпен қарсы алды. 
 
Раф Ван Холь Велошабандоз күннен қуат алатын велосипедімен сағатына 45 шақырымды, таулы аймақтарда ылдиға қарай 65 шақырымды еңсеріп отырған. Айтуынша, батареяның бар қуаты - 700 Вт қана.
 
Раф Ван Холь,  «The Sun Trip» халықаралық жобасының қатысушысы:
Мен осылайша, бензин, басқа да мұнай өнімдерін, электр қуатын пайдаланбай-ақ, мыңдаған шақырымды жүріп өтіп, ұзақ саяхатқа шығуға болатынын дәлелдегім келді. Әрине, жолда түрлі қиындықтарға кезіктім. Аптап ыстыққа, шөлге де, жаңбырға да тап болдым. Қуаты бітіп, талай жерде кідіруге тура келді.
 
Бұл халықаралық жобаны ұйымдастырушы - Флориан Байли. Велосаяхат арқылы ол 2017 жылы  Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО көрмесіне қолдау көрсетпек. Велошерудің қалған мүшелері келгенше, ол Астанада болады.
 
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу