Батысқазақстандық тұрғындардың бәрінде электронды денсаулық төлқұжаты бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батысқазақстандық тұрғындардың бәрінде электронды денсаулық төлқұжаты бар

07.02.2019

Бұл – пилоттық жобаның жемісі. Өңірде медицинаны цифрландыру аясында дәрігерге онлайн жазылу, электронды кезек, жедел жәрдемді жаңғырту жобалары да жүзеге асты. Енді науқастар бұрынғыдай сағаттап кезекте тұрмайды. Бума-бума қағаз тасып, сабылмайды. Дәрігерлер де қағазбастылықтан құтылды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қазір дәрігерге үйде немесе жұмыста отырып та жазылуға болады. Ол үшін ұялы телефоныңызға «К-врачу» мобильді қосымшасын жүктеп аласыз. Мұнда қай емханада тіркелгеніңіз, дәрігерлердің аты-жөні, санаты - бәрі көрсетіледі. Керек дәрігердің жұмыс кестесін қарап, бос уақытын таңдап, қабылдауға жазыламыз. Бұл уақытты үнемдейді. Әрі анализ қорытындысы, дәрігер кеңесі туралы хабарлама келіп тұрады.

Бір жыл бұрын қалалық №2 емхана қағазсыз құжаттамаға көшті. Электронды картада науқас ауруының тарихы, қайда, қашан емделгені туралы бар мәлімет алақандағыдай. Мекемеде тіркелген 53 мың адамның осындай денсаулық төлқұжаты бар.

Айгүл Мәжитова, қалалық №2 емхананың учаскелік дәрігері:

- Ең бірінші емделушілерге ыңғайлы, соған сай бізге де қолайлы. Бұрын карточка жоғалту, ішіндегі құжаттары түсіп қалу оқиғалары көп кездесетін.

Емханада электронды кезек жұмыс істейді. Келушілер бұрынғыдай бір терезе алдында сарылып кезек күтпейді. Электронды түрде талонмен кіреді.

Ғайнолла Абдрахманов, тұрғын:

- Әуелдегідей кезекте бір-бірімізді итеріп тұрмаймыз. Өте ыңғайлы. Жеңілдеді. Мына электронды жүйенің себебінен деп ойлаймын.

Мамандар қағазбастылықтан құтылып қана қоймай, табысы да еселенді.

Кашура Ажгулова, қалалық №2 емхана директоры:

- Операторлар, мейірбике көмекшілері, жүргізушілердің жалақысы төмен болған. Қазір біз көтердік. 42500 теңге - ең төменгі жалақы.

Осылайша өңірде қанатқақты жоба сәтті жүзеге асты. Сандық жүйе дәрігердің қағазға емес, науқасқа көбірек уақыт жұмсауына мүмкіндік берді.

Енді өңірдегі медициналық ұйымдар республикалық ірі орталықтармен мәлімет алмасып, бірыңғай ақпараттық жүйе жасауға кірісті. Жалпы, саланы цифрландыру бойынша Батыс Қазақстан көш басында.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу