«Сергек» ермек үшін орнатылған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сергек» ермек үшін орнатылған жоқ

21.04.2019

«Сергек» ермек үшін орнатылған жоқ. «Сергекке» сенбек керек! Өйткені, ол көшедегі біраз былықты «емдеп» береді деп орнатылған. Солай болды да. Осы «кірпік ілмейтін» камералардың арқасында Елордадағы көлік апатынан көз жұматындардың саны 53 пайызға, апаттан жапа шегушілердің қатары 20 пайызға, ал апаттың өзі 19 пайызға азайған. Бұл былтырғы көрсеткіш.

Ал «Сергектен» түскен пайда болса, 1 миллиард 270 мың теңге. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де статистика осы. Пайдалы ма?! Пайдалы. Сенім үдесінен шықты ма? Шықты. Демек, «Сергек» керек... Бірақ, осы «Сергектің» сергелдеңге салатынын біз кейде білсек те, білмеген кейіп танытып жүрміз.

Ол - сенген «Сергегіңіз» сенің қалтаңды қағуға сеніп алғандығы. Болмашы санитметрге сүрініп кетсең болды, «Сергектен» сенің үйіңе ертеңінде-ақ, «айыпқа бұйырмай, айыппұл төлеңіз» деген тілдей хат келіп тұрады. Сосын «қай жерде, қалай сүріндім?!» деп жатып кеп күйзелесің!

Сенбесеңіз, қазір «Сергекке» қатысты қоғамда ащы шындықтың бары бекерден бекер айтылмаса керекті. Тыңдап көрелік! «Сергектің» сергелдеңге салып, сенделтіп қоятыны да осы. Керек дерекке дәлел-дәйек қылайын деп іздесең таппайсың. Біз ұрлық қылғанда ай жарық болдының кері.

Қылмыс иә күдік болған жердегі «Сергегің» дәл сол күні, сол сәтте істемей тұрған болып шығады. Сөйте тұра, бас шаһарда әлі талай, нақтырақ айтсақ, 13 мың «Сергек» орнатпаққа ниетті біреулер. Қарсылығымыз жоқ. Болған жәйдің ізін суытпай әшкере етуге «Сергек» таптырмайтын құрал.

Бірақ, істемей тұратын «Сергекті» орнату кімге, не үшін керек? Әлде қаржылық құйтырқы қарекет жатыр ма астарында? Ал сол мыңдаған «Сергекті» селт етпей қадағалап отыратын орталықтар қалай жұмыс істейді? Ондағы мамандарға да салық төлейтін қарапайым халықтың қалтасынан жалақы беріп отыр емес пе?  Қысқасы сауал көп, жауап жалтақ! Әріптесім Әсима Нұрбайқызы «Сергектің» өзін нысанаға алды.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу