Алматыда бұзақылар қаладағы 500-ге жуық бейнекамераны сындырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бұзақылар қаладағы 500-ге жуық бейнекамераны сындырған

13.01.2022
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде бұзақылар 500-ге жуық бейнекамера мен 50-ге жуық бағдаршамды сындырған. Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қала инфрақұрылымына келген шығын көлемі де есептелуде. Ереуілшілер шаһардағы бейнекамераларды не үшін бүлдірген? Оларды қандай жауапкершілік күтіп тұр?

Айнұр Мәулен, тілші:

Бүлікшілер тас-талқанын шығарған бейнебақылау камераларының бірі - осы мен тұрған Төле би мен Байзақов көшелерінің қиылысында орнатылған. Бұзақылар «Сергек» камераларынан бөлек бағдаршамдарды да қиратқан. Соның кесірінен шаһарда бірнеше күн жол-көлік қозғалысы қиындаған еді. Қазір Алматы көшелері біртіндеп реттеліп, қала қауіпсіздігін бақылайтын бейнекамералар қайта іске қосылып жатыр.

Тәртіпсіздікке дейін мегаполисте 700-ден астам «Сергек» камералары жұмыс істеп тұрды. Бұзақылар 20 көшеге орнатылған 493 бейнекамераны сындырған. Сондай-ақ бейнебақылауды басқару және байланыс жүйесінің техникалық жабдықтары да істен шыққан. Қайта қалпына келтірілген соң шаһардағы тәртіпті 10 мыңға жуық бейнекамера бақылайтын болады.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Бейнетаспа жазылған камераның нөмірі, сол камераның тұрған жері, уақыты - бәрі фиксация жасалса, коды анықталса, қылмысты әшкерелеу үшін қолдана аламыз.

Мегаполистегі «Сергек» фото-бейне кешеніндегі екі мыңға жуық камера жол ережелерін бұзу фактісін ғана тіркемейді. Түрлі құқықбұзушылықпен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Отандық IT мамандар әзірлеген бірегей жоба жедел іздестіру шараларын жүзеге асыруға да қауқарлы.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Құқықбұзушылық бұзақылық стадиясы бойынша әкімшілік жазаға 2 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға болады. Сондықтан осы кезде дәлел ретінде «Сергектегі» камераға түскен бейнетаспаларды қолдануға құқысы бар. Осы негізде қарасақ дәлел ретінде саналады. Бүлікшілер арнайы осы камераларды құқықбұзушылығы әшкереленбесін деп бұзған.

Сонымен қатар, қаладағы 400-ден астам бағдаршамның 50-ге жуығы қиратылып, істен шықты. Қазір олар түгелдей қалпына келтірілген.

Әбдірахман Амангелді, қалалық коммуналдық шаруашылық қызметкері:

Біз мына бүлінген заттарды қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Мұндай жағдай болады деп ойламадық. Коммуналдық шаруашылық қызметінде жұмыс істейміз, 4 күннен бері қайта қалпына келтіріп жатырмыз.

Қазір қала қалыпты өмірге көшті. Көпшілік көкейіндегі үрей сейіле бастады.

Кармине Барбаро, турист, италиялық суретші:

Алматыдағы жағдайды Еуропада да көрсетіп жатты. Ол жақтан менің достарым, жақындарым хабарласып, хал-жағдай сұрап отырды. Қазақстан Президентінің салмақты әрі маңызды шешімдер қабылдауының арқасында бәрі реттеліп жатыр.

Венера Күлтұманова, қала тұрғыны:

Қазақстанымызда болған жағдай қорқынышты болды. Осындай әрекетке барған кісілерге наразылығымызды білдіреміз. Қазіргі ақуал Президентіміздің арқасында реттеліп келеді. Халық жұмысқа шығып, бәрі орнына келуде. Бұдан кейін мұндай жағдай болмайды деп ойлаймын.

Қалалық Мобильділік басқармасының мәліметінше, бір ғана бүлінген бағдаршамдар мен жол белгілерін қалпына келтіруге 72 миллион теңге жұмсалған. Ал қаланың жалпы инфрақұрылымына келген шығын қазір есептеліп жатыр.

Айнұр Мәулен


Хабарламаларға жазылу