Сергелдеңге салған сел - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сергелдеңге салған сел

07.04.2019

Сергелдеңге салған сел. Елдің қиыр-қиырында буыны босаған ақ ұлпа күннің көзі жылт еткеннен табаға түскен тоң майдай еріп, жылға-жылғаны суға толтырып жатыр. Оған жауын-шашын қосылып, жығылған үстіне жұдырықтай тиді. Біраз өзен-су арнасынан асып кетті, маңайдағы ауылдарды басып кетті. Қысқасы, алты ай қыс қармен алысып шыққан ағайын, енді суға кетпеудің қарекетіне кірісіп, тал қармап жатыр. Толарсақтан су кешіп, үй ішіндегі дүние-мүліктері суда қалқып жүр.

Ал, жауапты министрлік өкілдері «қызыл судан келер қауіп жоқ» деп бір емес, төрт мәрте брифинг өткізді. Бірақ, жағдай өздеріңіз көріп-біліп отырғандай. Жалпы, тасқын суға тосқын қою үшін жыл сайын қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Мысалы, менде мынадай дерек бар.

Соңғы 3 жылда бұл жұмыстарға 10 миллиард теңге жұмсалған. Оған жергілікті әкімдіктерден берілетін миллиондаған қаржыны да қосып қойыңыз. Тоқетері, қып-қызыл ақша қызыл сумен бірге ағып жатыр.

Себебі, жыл сайын атқамінерлер «су тасқынына сақадай саймыз» деп жалпақ жұртқа жар салады. Нәтиже -дүрбелең басталады, қолымызды мезгілінен кеш сермейміз. Сергелдеңге салған селдің, абдыраған елдің ахуалын Армангүл Тоқтамұрат жеткізеді. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу