Елбасы Үкіметтің жаңа құрамын бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Үкіметтің жаңа құрамын бекітті

03.03.2019

Аптаның алғашқы күнінен-ақ Елбасы жаңа Үкіметті жасақтауға кірісті. Алдымен Парламент Мәжілісі бюросының отырысына қатысып, Премьер-Министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Отырыста Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына айрықша тоқталды.

Содан соң бұған дейін қала әкімі, көлік министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болған Маминнің іскерлігін айрықша атап өтті. Оның жетекшілігімен, әсіресе, инфрақұрылымды дамыту саласында көп жұмыс атқарылғанын, интеграциялық бірлестіктердің жұмыстарына, бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты. Мемлекет басшысы «Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек»,-деді сөзін шегелеп.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттердің төрағалары Асқар Маминнің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Президент іле-шала Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, Бақытжан Сағынтаев кабинетінің жұмысына оң бағасын берді.

«Үкімет жаһандық дамудың күрделі жағдайына қарамастан, экономиканың өсімін сақтап қалуға күш салды». Бұрынғы Үкіметтің атқарған жұмысына Президент осылай баға беріп, ризашылығын білдірді. Алайда, ел экономикасының дамуы үшін жасалған ауқымды жұмыстар қазіргі жағдай үшін жеткіліксіз болды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған Президенттің тапсырмалары толық орындалмай, азаматтардың табысы төмендеді.

Қазір жалпы әлемде болып жатқан аумалы-төкпелі ахуал көп дүниеге жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүрлейтіні рас. Заман талабына сай жылдам бейімделіп, берекені еселеуді қалайды. Сондықтан Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы тұрақсыздық пен санкциялық текетірестердің тың шаралар мен шұғыл шешімдер қабылдауды талап ететінін баса айтты. «Осы орайда, елдің әл-ауқатын нығайту үшін жауаптылар жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруы тиіс деді», – Президент.

Алдыңғы Үкіметтің тағы бір осалдығы, тиісті бағдарламалар қабылданып, ақша бөлінгенмен іс аяғына дейін жетпейді. Мысалы, орта және шағын кәсіпті қолдауға қазынадан 600 млрд теңге бөлінген. Алайда, қаражат кәсіпкерлерге әлі күнге дейін жетпеген. «Сондықтан атқарушы органдар жұмысын ширату қажет»,-деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Парламенттің әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру ісіндегі рөлін тағы бір рет қадап тұрып еске салды. Бұдан соң Президент Парламент Мәжілісінің қарауына да Премьер-Министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Қазіргідей күрделі кезеңде Үкімет басқаруға лайық көруінің себебін оның әр жылдары жасаған жұмыстарын електен өткізе отырып түсіндірді.

Мәжіліс депутаттары да Асқар Маминнің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Төменгі палатаның толық қолдауын алған жаңа Үкімет басшысының мәртебесін ресми түрде бекіту үдерісі де Парламентте жүзеге асты. Отырыс барысында Мемлекет басшысы Асқар Маминді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы тиісті жарлыққа қол қойды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімнен соң су жаңа Премьер-Министр Асқар Мамин жетекшілік ететін Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, тұрғындардың проблемаларын шешуге басымдық берілуі тиіс екенін ерекше ескертіп айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаһандық дамудың күрделі жағдайына қарамастан, экономиканың өсімін сақтап қалуға күш салған бұрынғы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа алғысын білдіріп, айрықша тоқталды.

Наурыз айының алғашқы күні Бақытжан Сағынтаев Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалды. Елбасы сол күні тиісті Жарлыққа қол қойды.

Хабарламаларға жазылу