Естеріңізде болса, осыдан 15 жылдай бұрын ел үкіметі ауылдарды арнайы сараптап, зерттеп бірнеше топқа бөлген еді. Елді мекендер «болашағы бар ауыл», «болашағы орташа ауыл» және «болашағы жоқ ауыл» деген топтарға жіктелді.
Ресми статистика бойынша Қазақстанда 7,5 мыңнан астам ауыл бар екен. Халықтың 42 пайызы осы ауылдық жерде тұрады. Үкіметтің сол бір тексерісінен кейін осы 7660 елді мекеннің 3 мыңы «болашағы бар ауылдар» санатына жатқызылды. 2 мыңдайының «жағдайын дұрыстауға болады» деген шешім шығарылды. Ал, 1500-дей ауыл «болашағы жоқ» деген статусқа ие болды.
Соңғы деректерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 10-15 тұрғыны бар 40-қа жуық ауыл бар екен. Ал, Батыс Қазақстан облысында дәл қазіргі уақытта 52 елді мекен қаңырап бос тұр. Шығыс Қазақстандағы 69 ауылдың болашағы бұлыңғыр. Ал, осыдан 4 жыл бұрын Ақтөбе облысында Бөгеткөл, Тасқожа, Қырыққұдық және Қаракөл ауылдары картадан жойылды. Жергілікті билік осылайша, шағын елді мекендерді ірі ауылдарға қосу арқылы бюджеттік шығындарды біршама үнемдеген болатын.
Әрине, «болашағы жоқ» деген аса ауыр сөз. Бірақ, шындығы солай. Сарапшылардың айтуынша, шаруашылығы мен өндірісі, суы мен газы, инфрақұрылымы жоқ ауылдарды көшіру, басқа ауылға қосу дұрыс шешім. Себебі, мұндай ауылдарға инфрақұрылым жүргізу, қаржы бөлу өзін-өзі ақтамайды. Десе де, айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде ауылдарды көшіру оңай шаруа емес. Өйткені, кіндік қаны тамған, түтін түтеткен жерден кім кеткісі келеді? Бірақ, Үкімет ауыл тұрғындарын көшіру бойынша кешенді бағдарлама қабылдады. Баспана мәселесін шешуге қазынадан қаржы қарастырды. Әбден азып-тозған осы 1500 ауыл тұрғындарын 2020 жылға дейін болашағы бар аймақтарға көшіріп бітіру туралы шешім қабылданды.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.