Атырау облысында алты ауылдың жұрты көгілдір отынға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында алты ауылдың жұрты көгілдір отынға зәру

12.05.2021

 Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында 6 ауылдың жұрты көгілдір отыннан таршылық көріп отыр. Бұл елді мекендер кен орнына жақын орналасқанымен халқы игілігін көре алмай келеді. Қыста отын тасып бейнет көрген жұрт суды да құдықтан тасып ішуге мәжбүр. Өркениеттен тыс қалған ауылдардың проблемасын Жандос Темірғали баяндайды.

Кенбай ауылынан 9 тоғыз шақырым жерде кен орны болса да көгілдір отынға жарымаған жұрт жылдар бойы қоңырқай тірлік кешуде. Қыста көмір қымбаттап кетеді,амалсыз тезек жағамыз дейді көпбалалы ана Айсара Әбезбаева. Сонда да болашағы бұлыңғыр ауылдан көшкісі жоқ.

Айсара Әбезбаева, Кенбай ауылының тұрғыны: 
Таңертеңнен кешке дейін, 15-16 шелек осындай қи кетеді. Оны жағасың, астынан күлін түсіріп аласың. Сол күніміз күнделікті осымен өтеді.

Жүздеген тұрғыны бар ауылдағы электр жүйесі де әбден тозған. Апта сайын бұзылады.Әрі интернет желісі де тартылмаған. Білімге құштар балаларға кесірі тиіп отыр.

Жұмазия Келдібаева, Қ.Жанұзақов атындағы бастауыш мектептің меңгерушісі:
Интернет ұстамайды. Оқыта алмаймыз біздер. 

Азып-тозған ауылдың бірі - 20-ға жуық түтіні бар Қоңыраулы. Мұнда да таяқ тастам жерде кен орны орналасқан. Бірақ, кезінде тіршілігі қайнаған елді мекенде қазір қарттар ғана қалған.

Айсұлу Нұрғалиева, Қоңыраулы ауылының тұрғыны: 
Газ жоқ деді, бала оқиды деді, мектеп жоқ деді, балабақшы жоқ, сосын жас келіндер тұрмайды кетіп қалады.
 Жандос Темірғали, тілші: 
Тіршілік нәрінен таршылық көрген ауылдықтардың өмірі осындай құдыққа байланған. Әрбіреуінің үйінде кемі екеуі бар. Мәселен бұл құдыққа суды айына үш рет тасымалдап құяды. Мұнымен малды да суарады.

 Қоңыраулы мен Кенбайға ортақ бір проблема – қос ауыл іргедегі емес қашықтағы округтерге қарайды. Жұрт бір қағаз үшін діттеген жеріне діңкелеп жетеді.

 Соркөл деп аталатын ауыл да сорлап тұр. Аудан орталығынан небәрі 70 шақырым қашықта орналасқан. Жол сайрап жатыр. Кезінде 60-қа жуық үй болған. Қазір он шақты ғана. Елдің үдере көшуіне басты себеп - газ бен судың жоқтығы. Жергілікті билік көгілдір отынға мұқтаж 6 елді мекеннің барын айтады. Газ тарту үшін жоба жасақталған. Құрылыс жұмысына 2 млрд 400 млн теңге ақша керек.

Айдулат Кенжебеков,  Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары: 
Осы алты елді мекенді газдандыру үшін республикалық бюджеттен бастапқы қаражат бөлінді. Биыл құрылыс жұмыстары басталып, 2022 жылы аяқталатын болады.

Ауылдардағы ауыз су мәселесін шешу үшін – жер асты суын кешенді зерттеу басталды. Әкімдік электр жарығы мен ғаламтор желісіне қатысты проблеманы келер жылы шешеміз дейді. Оған дейін ата кәсіпке байланған жұрт, үйреншікті тірлігімен жан бағады...

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу