Осы апта Астанада екі күнге созылған Азаматтық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы апта Астанада екі күнге созылған Азаматтық форум өтті

02.12.2018

Диалог. Серіктестік. Сенім. Қазақы танымға салсақ, бұлар ошақтың үш бұты секілді. Мемлекет пен азаматтық қоғамның арасын ұдайы ұйыстырып отыруы керек. Азаматтық қоғам дамыса, халықтың құқығы мен еркіндігі заң жүзінде қамтамасыз етіледі, саяси жағынан да барынша қорғалады. Осы апта Астанада екі күнге созылған Азаматтық форумнан түйгеніміз осы. Сегізінші рет ұйымдастырылған шара азаматтық қоғам және мемлекет арасындағы диалогты, серіктестік пен сенімді арттыруға арналды. Форумға үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік және халықаралық бірлестіктер мен бизнес қауымдастығының 850-ден астам өкілі қатысты. Түрлі форматтағы 35 тақырыптық сессия өтті. Елімізде азаматтық қоғамды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары жүзеге асырылып жатыр. Бұдан азаматтық қоғамның әлеуеті артып келе жатқанын анық аңғаруға болады. Мәселен, 2003 жылдары 5 мың ғана үкіметтік емес ұйым болса, олардың саны қазір 22 мыңға жеткен. Салаға тек биылдың өзінде 22 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның дені әлеуметтік жобаларға, сондай-ақ, білім саласына, жастар саясатын жүргізуге берілген. Форумның қорытынды жиынына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, үкіметтік емес ұйымдардың атқарар жұмысын екшеп берді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу