«Ұлы даланың жеті қыры» - өткенімізді жаңғыртуға арналған жілікті бағдарламалық құжат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы даланың жеті қыры» - өткенімізді жаңғыртуға арналған жілікті бағдарламалық құжат

25.11.2018

Қазақтың қара сөзден құйын тұрғызған қабырғалы қаламгері, ақын Қадыр Мырза Әлі «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» деген екен. Тұлпар аунап түк қалған, нар аунап жүк қалған байтақ даланың сан ғасырлық бай тарихында қазақ халқы ешкімге ұқсамайтын ерекше мәдениет үлгілерін жасағанын сорлы болдық па, соңғы жылдары ғана там-тамдұп айта бастадық. Ал, оның алдында өзгені зор санап, өзімізді қор санап, үнемі кемсіте берудің кесірінен болар, «қазақпын» деп айтуға арланатын, қорланатын тұтастай бір ұрпақ өсіп жетілді. Сөйтіп, «қазақ халқының мәдениеті Кеңес үкіметінің кезінде ғана қалыптасып, қанат жайған» деген жалған ұғым санаға сыналап кірді. Өйткені, қазыналы терең тарихымыз қасақана жасырылып, талай жыл басқа ұлттардың, басқа мемлекеттердің тарихы көп оқытылды. Әйтпесе, Президент айтқандай, «қазақ тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ еді» ғой. Сәрсенбінің сәтті күні ел газеті «Егеменге» басылған Елбасының мақаласы көптен көкейде жүрген көп сауалдың түйінін тарқатқандай. «Ұлы даланың жеті қыры». Рухани жаңғыруға бет алған Алтай мен Еділ арасындағы ел енді өз тарихын түгендеп, әлемдегі орнын айшықтауға бекем кірісті. Бұл мақала жай мақала емес, өткенімізді жаңғыртуға арналған жілікті бағдарламалық құжат деуге болады. Ұлттық сананың түп тамыры, діңгегі - тарих. Әр адам үшін оның қаны, жаны, тегі, реңі, ата-бабасының кім болғаны маңызды ғой?! Жаһанданудың жұтқыншағында кетпей, ұлт болып ұйысу үшін де бұл аса керек дүние. Ал, қазақ елінің қазыналы тарихы, өркениеттің өрлеуіне қосқан қомақты үлесі бар. Рим менен Қытайдан, Үнді менен Парсыдан бір мысқал да кем емес. Ендігі асыл іс - оны зейінмен зерделеп, зерттеу, терең үңілу. Қазақ айтады ғой, «Тарих- теңіз, сүңгі оның тереңіне. Ілігерсің деректің керегіне». Тарихтың әлі айтары көп...

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу