Сайраң бітті. Сабақ басталды. Саясат сахнасының да жаңа маусымдағы шымылдығы түрілді. Ала жаздай ел аралап, арасында демалып, ем алып қайтқан халық қалаулылары да Парламенттегі парталарына қайта жайғасты. Кезекті сессияның ашылуына қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі ел ішінде қолға алынған реформаларды жедел жүзеге асыру үшін Парламент қажетті заңдарды уақыт тезіне салып қабылдауды міндеттеді. Елге керек, жұртқа ең жақын деген саланың бірі құқық қорғау саласын ізгілендіру. Рас, біздің елдегі құқық қорғау саласындағылардың құрығы тым ұзын. Сөйте тұра, құрыққа сырық жалғайтынын қайтесің?! Оның үстіне құзырлы органдар деп аталатындардың құйтырқы әрекеті мен қулықтарына құрық бойламайтынын біздің қоғам қазір жыр қылып айтады. Тіпті, әнеукүні Атырауға арнайы жұмыс сапарымен барған кезінде Мемлекет басшысы «біздегі полицейлер халықтың жауы емес, досы болуы қажет», дегенді бекер айтпаса керек-ті. Демек, бұл саланың біз білмейтін ой мен қыры, сыры өте көп деген сөз. Бірақ, ненің қалай өзгеретінін әдеттегідей бізге уақыттың өзі көрсетеді.
Біздің елде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қазынаға не зейнет жарнасын, не әлеуметтік төлем не болмаса, міндетті медициналық сақтандыру қорына тесік тиын төлемейтіні екі жылдан бері айтылып келеді. Президент Парламенттің сессиясын ашып тұрып, бұл істі де ширату керектігін тапсырды. Жұрт мұны халыққа қосымша салық салдыру деп қабылдап, қазір даурығып жатыр. Ал, Үкімет бұл өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің өзіне қажет дегенді алға тартады. Ары тарт та, бері тарттың соңы заңмен қалай бекітілетінін тағы осы сессияның барысында көре жатармыз. Әзірге жаңа сессияның ашылуындағы айтылған басқа да жаңалықтарды тілшіміз тарқатып көрсін.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.