Қоңыр күз, қыркүйектің басы әдеттегідей қарбаласқа толы. Депутаттар ала жаздай демалып келіп, Парламенттегі орынтақтарына жайғасады. Оқушылар да мектеп партасына отырып, оқуға кіріседі. Кеше ел бойынша 7 мыңнан аса мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Сонау Жәңгір хан тұсынан есептесек, бұл қазақ даласында соғылған 177-ші қоңырау. Білім күніне орай, Мемлекет басшысы елордада жаңадан ашылған №85 мектеп-лицейге барды. Балаларға батасын берді, Білім күнімен құттықтады. Бұл жаңа мектеп Катар мемлекетінің Даму қорының қолдауымен салынған. 1200 орынға арналған. Екі ауысымда бала оқытады. 48 оқу кабинеті бар. Мектептің негізігі білім беру бағыты – математика, робототехника және балалардың ойын дамытуға арналған. Нұрсұлтан Назарбаев техниканың тілін жетік меңгерген шәкірттермен кездесіп, олардың қанатқақты жобаларымен танысты. Жаңа технологиямен еркін жұмыс істейтін бастауыш сыныптың оқушылары президентке өздері жасаған роботтарын көрсетіп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Зерек әрі зейінді шәкірттердің білімге деген құлшынысын Елбасы жоғары бағалап, ұстаздарға өрендердің қарымын одан әрі шыңдауды тапсырды.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.