Кейінге шегінсек, сонау ашаршылықта 4 миллион қазақ қынадай қырылса, 1,5 миллиондай қандас шетел асты. Сол зор зобалаңнан аман қалған 2,5 миллион қазақты қатыгез тағдыр тағы бір сілкілеп алған еді. Ашаршылық пен репрессиядан ел есін енді жиғанда, 1941 жылы соғыс басталды. Еркек кіндік қанды қасапқа айдалды да кетті. Сол сұм соғыстың аяқталғанына биыл – 73 жыл. 9 мамырдың тарихи салмағы зор. Бұл - аталарымыздың жаһанға уын шашқан фашизмді талқандап, күллі адамзатты озбырлықтан аман сақтап қалған күн. Бұл - миллиондар жан берген, миллиондардың қаны, тері, жасы төгілген сұмдық соғыстың тоқтаған күні. Бұл - қатарлары сиреген ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің, әкенің аялы алақанын көре алмаған жетімдердің, жарларын құшып, бақытты өмір сүре алмаған жесірлердің, әкелерін майданнан күткен балалардың күні. Осы Жеңіс күніне орай, Мемлекет басшысы Алматы қаласында болып, ардагерлерді құттықтады. Соғыста опат болғандарға тағзым ету шарасы қаладағы 28-Панфиловшылар саябағында өтті. Президент осы саябақтағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойды, шейіттерді еске алды. Әлемді астаң-кестең еткен Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы біздің елге де тиді. Жасы 16-18-ден асқан бозбалалар соғысқа аттанды. Ал, ауылда қалған кәрі-құртаң, бала-шаға, барлық ана майдан үшін тер төкті. Оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешек дайындады. Яғни, жеңісті жақындатуға тылдағы еңбеккерлердің де қосқан үлесі зор. Жалпы, қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыстан жоғалтқаны көп. Тер төкті, соғысты, жан берді, қан кешті. Бастысы, сол қан майданды жеңіспен аяқтады. Қазір бейбіт уақыт. Сол аталардың ерлігін және бүгінгі бейбітшіліктің қадірін жоғары бағалайық деді, Елбасы өз сөзінде.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ