Мамырдың басы-мереке. Бұл айдың алғашқы онкүндігі күнтізбеде қызылмен белгіленген күндерге толы. Іркес-тіркес келетін үш мейрамның да мән-маңызы бір-бірінен кем емес. 1 мамыр - Бірлік күні. Ертеңгі 7 мамырды Отан қорғаушылар меншіктеген, ал іле- шала 9 мамыр Жеңіс күні.
Сан ұлттың баласы мекен қылған қазақ үшін ауызбірлік ауадай қажет болса, бұл мерекенің де сондай салмағы бар. Ұлт пен ұлыс осы күні достықтың әнін шырқайды, бірліктің биін билейді. Бір дастархан басында тыныштық үшін баталасады. Бірлік күніне арналған Астанадағы мерекелік шараға мемлекеттің басшысы да қатысып, халықтық серуенде сейілдеді.
«Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтарының өкілдері қарсы алды. Дүркіреп өткен думанды концерт аясында елордалық ұлттық-мәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің және отандық эстрада әншілерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық» атты театрландырылған қойылымы көрсетілді. Шара кезінде Президент барша отандасты және салтанатты шараға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Сергек қарасақ, әлемде сергелдеңге түскен ел көп, түлкі саясаттың тулағына айналып оңбай жатқан, басына бақ қонбай жатқан. Іркіттей іріген талай ұлтты көріп жүрміз, сыртқы күштердің илеуіне түскен. Бір атадан туса да бітіспес дауға ұрынған мемлекеттер жоқ емес. Қырық жұрттан құралса да «шәй» деспей тірлік кешетін елдер бар. Қазақстан соның бірі. Елбасы мерекелік шарада қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамппен болған диалогты еске алды.
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.