Арменияны саяси дағдарыстың толқыны шайқап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арменияны саяси дағдарыстың толқыны шайқап жатыр

29.04.2018

Үш-ақ миллион халқы бар Арменияны саяси дағдарыстың толқыны шайқап жатыр. Кавказ тауларының оңтүстігінде орналасқан мемлекет соңғы күндері мазасыз. Революция қантөгіссіз, бейбіт аяқталды. Халқының алдында сүйкімсіз болған Премьер-министр орнынан кетті. Алайда, шерулер тоқтай қойған жоқ. Бұрынғы журналист, қазіргі оппозиция лидері 42 жастағы Никол Пашинян енді мемлекет басшылығындағы Республикалық партияға биліктен толық кет деген талап қойып отыр. Қарсы жақ болса, Пашинянмен келіссөз жүргізуден бас тартты. Ал, Пашинян Үкіметтің басына келсе, Еуразиялық экономикалық одақтан да, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымынан да шықпайтынын мәлімдеп, Ресейге бағынышты болатынын аңғартып үлгерді. Бірақ, мұның алдында ол сыртқы саясатта Арменияның барлық серіктестерімен тепе-теңдік ұстауға уәде берген-ді. Тағы бір айта кететін жайт, осы аптада Арменияда бірнеше оппозициялық партия көшенің жағына шықты. Министрлер бірінен соң бірі портфелін тапсырып жатыр. Өздеріңізге аян, дүйсенбіде Арменияның премьер-министрі, 63 жастағы Серж Саргсян қызметінен кетті. Оппозиция он шақты күн өзіне қарсы шеру өткізген соң саясаткер осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Ал, жаңа премьер-министрді сайлау 1 мамырда өтуі тиіс. Бүгін Арменияның биліктегі Республикалық партиясы елдегі саяси дағдарысқа орай, премьер-министрлікке кандидат ұсынбайтындығын мәлімдеді.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу