Соңғы 80 жылда болған әлемдегі 10 алапат өрт - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 80 жылда болған әлемдегі 10 алапат өрт

01.04.2018

1938 жылы Францияның Марсель қаласында аумағы 3500 шаршы метр дүкен жанып кетті. 4 қабатты ғимаратта 73 адам ажал құшты. Мұндай алапат өртпен алғаш рет бетпе-бет келіп абдырап қалған жергілікті өрт сөндірушілер тілсіз жауды тәулік бойы ауыздықтай алмаған. 1967 жылы Брюссель қаласында 5 қабатты әмбебап дүкен түгі қалмай жанып кетті. Америка тауарларының көрмесі өтіп жатқан бұл дүкенге «әдейі от қойған» деген тұспал әлі күнге айтылады. Өйткені, Вьетнамдағы соғысқа қарсы солшыл белсенділер сол көрмеге наразылық білдіріп жатқан еді. Бельгиядағы бұл өрттен 251 адам көз жұмды. Ал, Жапонияның Осака қаласында 118 адамның өмірін қиған өрт дұрыс сөндірілмеген темекінің тұқылынан тұтанған екен. 1972 жылы болған бұл өртке жауапты дүкеннің 3 бірдей басқарушысы араға 18 жыл салып барып, түрмеге қамалды. Дайын көйлектер «Сэннити» әмбебап дүкені өрт сөндіру құралдарымен жарақталмаған болып шықты. Апатты есіктері де өрт кезінде ашылмай қалған. Араға жыл салып, осы Жапонияның Кумамото қаласында 9 қабатты «Тайо» дүкені отқа оранды. Мұнда 103 адам қайтыс болды. Өрттің нақты неден шыққаны әлі күнге анықталған жоқ. 1996 жылы Индонезияның Богор қаласында 3 қабатты сауда орталығы жанып кетті. Электр жүйесіндегі ақаудан тұтанған бұл өрттен 80 адам көз жұмды. Дәл сол өрт болар күні таңертеңгісін Индонезия билігі ірі қалалардағы сауда орталықтарында өртке қарсы ережелердің өрескел бұзылатындығын айтып, олардың қожайындарына ескерту жасаған-ақ екен. Бірақ, ескертудің бәрі ескеріле бермейтіні өкінішті-ақ. Араға жыл салып, осы Индонезияның Банджармасин қаласындағы 4 қабатты сауда орталығы отқа оранды. Парламент сайлауы алдындағы саяси науқан жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, түрлі саяси күштер мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыстар болды. Осы бір бейберекетсіздік кезінде өртенген сауда орталығында 139 адам көз жұмды.

2000 жылы Қытайдың Лоян қаласында алапат өрт болды. «Дунду шаныш» сауда орталығында 309 адам тірідей жанып кетті. Олардың барлығы сауда орталығындағы би кешіне келген оқушылар мен ата-аналары екен. Өрт ғимаратта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары кезінде абайсызда тұтанған. 2004 жылы Қытайдың Цзинлинь қаласында тағы бір сауда орталығы өртенді. «Чжунбайдағы» өрттен 53 адам қайтыс болды. 260 құтқарушы тілсіз жаумен 5 сағаттай арпалысқан. Осы 2004 жылы Парагвай астанасында да алапат өрт болды. Асунсьондегі тілсіз жау 396 адамның өмірін жалмады. Мұнда да сауда орталығы отқа оранған еді. Күзетшілер де ақымақ екен. Өрт басталғанда жұрт ұрлық жасап жүрер деп сескеніп, сауда орталығының есіктерін жауып тастаған. Апаттық жағдайға арналған есіктер де. Жанұшырған тұрғындар терезелерден секіріп амалдады. Соның өзінде жоғарыда айттық, 396 адамның өмірі қиылды.

Хабарламаларға жазылу