Биылғы ағын су қанша шығын әкелді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы ағын су қанша шығын әкелді?

18.03.2018

Бұрынырақта Сырдария өзені жылда сойқанды салатын. Суы көтеріліп, арқырап-сарқырап, төңіректі бір шайып алатын. Осыдан он шақты жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанның Сарығаш, Ордабасы, Арыс, Бәйдібек аудандарындағы 51 елді мекенді есеңгіреткен тасқын да есімізде. Табиғи апат 15 миллиард теңге шығын әкелген. Қаншама шаруа мал-мүлкінен айрылып, таяқ ұстап қалды. Қызылағаш пен Көкпекті трагедиясы да жүректегі жараны жаза қойған жоқ. Биыл да көктем мазасыз басталды. Табиғаттың тосын мінезі шығыстағы жұрттың шырқын бұзды, шырғалаңға салды. Сенбіде нөсерлетіп жауған жаңбыр соңы қарға ұласты. Қарқыны қатты болғаны соншалық, қарсы алдындағыны жайпап өтіп, баспананы да, басқаны да жайратып салды. Арық пен атыздарға сыймай атқақтаған қызыл су, тілсіз жау әсіресе Аягөз ауданын соққыға алды, сансыратып салды. Зардап көрген отбасылардың көбі сонда. Олар үйсіз-күйсіз қалғанымен қоса, арагідік жарықтан да, ауызсудан да тарықты. Қысқасы, қаншама қаражат төтенше жағдайдың алдын алуға жұмсалса да, тағы да сол соққыға дайын болмай шықтық. Енді ағын су келтірген кесел-кесепатты жою үшін тағы қанша қаржы шығындаларын кім білсін?!

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу