Осы аптада қазақ баласына, Алаш даласына «теледидар» дейтін сиқырдың келгеніне – 60 жыл толды. Бұл тек отандық телевизия тарландары үшін ғана емес, осы сиқырлы салаға тілекші қара орман қазақ үшін айрықша күн. Қазақ теливизиясының 60 жылдық белесі - бұл әлбетте, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болған алыптар ақыл-ойының таспаға басылған тарихы. Ең алғаш 1958 жылдың 16-наурызында Алматы телестудиясы тұңғыш рет хабар таратқан еді. Содан бері техника дамып, телевизия теңдессіз деңгейде түрленді. Медиа кеңістіктегі әлеуетіміз артты. Алаштың арын, ұлттың ұжданын, халықтың қамын ойлаған басты арна әу бастан ағартушылық, танымдық хабарларға басымдық беріп, рухани және әлеуметтік саладағы тың тақырыптарды бағдарламаға арқау етті. Көп арна енші алысып тарқасқанда, Қазақ телевизиясының қарашаңырағы болып Ұлттық арна қалды. Самарқанның көк тасы жібіп, Сарыарқаның сеңі бұзылатын шақта біз де өткенге есеп беріп, бүгінімізді бағамдап, ертеңімізге бағдар жасаймыз. Биыл 60 жылдыққа орай, Ұлттық арна көптеген игі істі қолға алды. Салтанатты шаралардан бөлек, телевизия ардагерлеріне, алдыңғы буын өкілдеріне айрықша құрмет көрсетілді. Таңдауы бөлек, талғамы биік көрермен Нұртілеу Иманғалиұлы, Рәбиға Аманжолова, Әбдірәлі Бөлебай, Баян Секербай, Мейрам Базарұлы сынды сүйікті жүргізушілерімен қайта қауышты. Оның үстіне ұлттығымыздың айнасы - Қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған шаралар мен «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау салтанатының тұспа-тұс келуі де біз үшін ерекше символдық мәнге ие.
Индира БЕГАЙДАР