Қазақстанда ипотекалық несие құны арзандайтын болды. Ипотекаға қатысты керек дерекке зерек көңіліңізді бөле отырсаңыз. Елімізде ипотекалық жүйе 2000 жылдардың басында енгізілді. Содан бері бұл қамыт кімнің мойнын қажамады?! Үйі, күйі, тағдырдан сыйы болмаған соң, амал жоқ көнді ағайын. Жалпы, Қазақстандағы ипотекалық несиелендірудің ең бір шарықтаған кезеңі 2005 жылға сәйкес келді. Сол жылы тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға 250 млрд. теңгедей ақша бөлінген екен. Бұл 2004 жылмен салыстырғанда, екі есе көп қаражат еді. Республиканың қиыр-қиырында тұрғын үй салу қарқын алды. Қыз-қыз қайнаған құрылыстың 22 пайызы Астана қаласында, 15 пайызы Оңтүстік Қазақстан, 12 пайызы Алматы, 8 пайызы Атырау қаласында жүріп жатты. Салынған үйлердің дені ипотекалық жолмен сатылды. Сол жылдары 21 мыңдай жан ипотекалық несие рәсімдеген. Несиеге үй алушылардың жартысынан көбі, яғни, 56 пайызы астаналықтар болған. Ал, 10 пайызы Алматы, 6 пайызы Шығыс Қазақстан, 5 пайызы Ақтөбе, 4 пайызы Павлодар, ал, 3 пайызы Шымкент қаласының тұрғындары болған. «Ипотека» ұғымы пайда болған осы жылдардан бері қарызға үлестірілген үйлердің саны 15 есеге өскен. Дегенмен, қос бүйірден дағдарыс қысқан 2008-2009 жылдары елдегі ипотека саласы да екі иінінен ентіге демалып, қиналып қалды. Тек былтыр қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй секторына жан бітіргендей болды. Бір жылдың ішінде 100 мың пәтер салынып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш орнады. Алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасыға баспана беру жоспарланған.
Елде ипотекалық несие құны арзандайтын болды. Осы аптада Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осындай жағымды жаңалықтың ұшын шығарды. Бұдан былай «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктерден берілетін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет субсидияламақшы. Жалпақ тілмен тарқатсақ, мәселен, банктің пайыздық мөлшерлемесі 16 пайыз дейік. Соның 6 пайызын мемлекет төлеп береді де, ал, сіз қалған 10 пайыздық мөлшерлемемен қалаған пәтеріңізді рәсімдей аласыз. Жасыратыны жоқ, үйлену несиеге, үй болу ипотекаға байланған заман қазір. Сондықтан, пайыздық үстеме арзандайды дегенде, елпеңдемеген, елең етпеген жан болмады. Сонымен, төменгі пайызбен қай банктер ипотекалық несие береді? Шарттары мен шығыны қандай?
Шынар АСАНҚЫЗЫ