Елімізде баспана бағасы 10-15 пайызға арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде баспана бағасы 10-15 пайызға арзандауы мүмкін

14.01.2015
Елімізде баспана бағасы 10-15 пайызға арзандауы мүмкін

Сарапшылар осы жолы елімізде пәтер бағасы 15 пайызға арзандауы мүмкін, деді. Яғни, қазір Астанада бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 75-80 мың АҚШ доллары. Ал, егер үй бағасы 15 пайызға арзандаса, сіз бір бөлмелі пәтерді шамамен 64 мың АҚШ долларына сатып алар едіңіз.

Еліміздегі бірқатар банктер ипотекалық несие беруді тоқтатқалы баспана сату мен сатып алу келісімшарттарының көлемі азайған.

2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында 23 431 тұрғын үй сатып алу келісімі тіркелді. Бұл 2013 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға аз.

Мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты да пәтер бағасын біршама арзандатпақ. Сарапшылардың ойы осыған саяды.

Тұрғын үйге қатысты жаңа бағдарламаға сәйкес мемлекет алдағы бес жылдың ішінде 1,4 миллион шаршы метр үй салады.

Жаңа пәтерлердің 60 пайызы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасады. Бұл еліміз бойынша пәтер бағасы шарықтап тұрған шаһарлар.

Пәтер құнының төмендеуіне тағы бір себеп – елімізде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар санының артуы.

Қазір республика бойынша құрылыс материалдары өндірісімен айналысатын 1436 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 37-і ірі өндіріс ошақтары. Биыл тағы 4 ірі өндіріс орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Ал, делдал Ғалым Ысқақов пәтер бағасы арзандайды деген болжаммен келіскенмен, пайыздық көрсеткіші тым жоғары дейді. Маманның айтуынша, үй бағасы 15% емес, 8 немесе 9% ғана арзандайды. 

 

Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу