Нұрсұлтан Назарбаевты Дональд Трамп ерекше құрметпен қарсы алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаевты Дональд Трамп ерекше құрметпен қарсы алды

21.01.2018

Үзеңгі бауы сегіз қабат, ат үстінде шіренген мемлекет болса, ол - АҚШ. Алып держава, азулы мемлекет. Жаһан экономикасының көшін бастап тұр. Саясат сахнасындағы бет-беделі өз алдына бір төбе. Қорғанысы қуатты, қауіпсіздігі мығым ел. Осындай алпауыт елді Ақ үйде отырып басқару албаты адамның қолынан келмейтіні тағы ақиқат. Ақ үйдің қазіргі қожайыны Дональд Трамп та сондай қайраткерлердің қатарынан. АҚШ-тың 45-ші президентінің мемлекет басы ретінде қызметіне кіріскеніне кеше тура бір жол толды.

Ал, осы аптаның ең айшықты әрі ең маңызды тақырыбы Ақорда басшысы мен Ақ үй жетекшісінің кездесуі болды. Вашингтонға ресми сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаевты Дональд Трамп ерекше құрметпен қарсы алды. Табалдырықтан өзі тосып алып, төрін ұсынды. Қос президент тіпті «тет-а-тет», екеуара қалып, оңаша тілдескен. Мұны кейін ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берген Елбасының өзі тілге тиек етті. Өйткені, қазақ азат атанғалы бері АҚШ-ты басқарған үлкен Буштан бастап, Барак Обамаға дейін түгел кездескен Елбасы олардың ешқайсысымен оңашада екеуара қалып, сөйлеспеген. Ал, Трамп бұл тәртіпті бұзып, қазақ Президентіне ерекше пейіл танытты.

Жалпы, АҚШ ресми Астананың Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық серіктесі. Сауда- саттық пен экономикада да екі елдің арасындағы ынтымақ айрықша. Өйткені, АҚШ Қазақстанға қаржы құйып отырған инвестор елдердің арасында алғашқы қатарда тұрған мемлекет. Әсіресе, мұнай-газ саласының әлеуетін арттырып, әртараптандыруға зор үлес қосып келеді. Қазақ-жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен бас тартқан дүниедегі бірінші мемлекет және оның тарап кетуіне түбегейлі қарсы. Қазақтың бұл ұстанымын ядролық державалар соның ішінде АҚШ-та құптайды, қолдайды. Әсілі, Назарбаевтың аждаһа қару адамзаттың қас жауы террористер мен экстремистік топтардың қолына түспеуіне алаңдаушылығы АҚШ-ты ғана емес, алты құрлықты толғантуы тиіс. Сол себепті, Нұрсұлтан Назарбаев пен  Дональд Трамптың Ақ үй төрінен жасаған бірлескен саяси мәлімдемесі жер-жаһан мен аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Тіпті, Трамптың өзі лаңкестердің лаңынан көз ашпай келе жатқан Ауғанстанға қамқор болған Қазақ басшысына қайта-қайта айрықша алғысын айтты. Ал, Ауғанстанның қауіпсіздігі бүкіл Орталық Азияның қауіпсіздігі екенін ескерген Елбасы бейбіт әлем құру жолында ауған халқына алдағы уақытта да барлық көмек пен қолдаудың көрсетіле беретінін жеткізді. Ақ үй басшысы мен АҚШ астанасында өткен өзгеде кездесулер туралы Дулат Жексенбайұлы тарқатады.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу