Синоптиктер: Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда тағы да боран болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Синоптиктер: Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда тағы да боран болуы мүмкін

14.01.2018

Осы аптаның ортасында еліміздің бірнеше облысында долы боран соғып, халықты діңкелетті. Әсіресе, Астана тұрғындары әбден әбігерге түскені рас. Тіпті, қала әкімі Әсет Исекешев шаһарда төтенше жағдай жариялады. Себебі, елордамызда онға жуық ғимараттың шатыры ұшып кетті. Қала маңайынан 200-ге тарта адам құтқарылды.

Сондай-ақ, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында да осыған ұқсас оқыс жағдайлар болды. Жоғарыда айтқан өңірлермен қоса, Қостанай, Қызылорда аймақтарындағы республикалық маңызы бар жолдар қаңтардың 10- мен 12-сі аралығында жабылды. Бұдан бөлек, боран болған алғашқы күні тек Астана қаласында 50-ден аса тұрғын травматология емханасына түскен. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де аз емес. Ал, синоптиктер болса, алдағы күндері көптеген жерлерде қар жауып, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда тағы да боран болуы мүмкін деп болжап отыр.

Хабарламаларға жазылу