Осы аптада Елбасы Жолдауы жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Елбасы Жолдауы жарияланды

14.01.2018

Осы аптада ел мен елордалықтардың есінде қалған екі оқиға болса, бірі Ақорданың саяси интригасы, артынша Президент Жолдауы. Екіншісі – екілене, есіре соққан долы боран. Негізі, қазақы пәлсапаға салсақ, қаңтар аяздың, ақпан боранның айы. Бірақ, ғайыптан тайып, аяз бен боранның қатар келіп, қыспаққа алатыны бар. Ескертпелерді елемей, сапарға шығып, жол азабын тартқандар көп болды. Аяздың сына қоюы неғайбыл. Ауа райын болжаушылардың айтары осы.

Ал, саясатты болжаушылар боранға дейін, сейсенбі күні дөңбекшіп ұйықтай алмаған болар?! Себебі, қаңтардың 9-да Ақорда «кешкі 7-де Президент маңызды мәлімдеме жасайды» деген ақпар таратты. Интрига! Іле-шала, саясатты сары қымызша сапыратын сарапшылардан бастап, үйдегі-түздегі «сарапшыларға» дейін  жауырын ашып, жорамал айтып оңбай қалды. Мәлімдемені жылы пейілмен де, суық пиғылмен де жорығандар да табылды. Бар пенденің ойы: Президент не айтар екен? Сөйткенде, ел күткен, көңілді күпті еткен «маңызды мәлімдеме»- Елбасының дәстүрлі Жолдауының 6 минуттық анонсы болып шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қысқаша жіліктеп, жіктеп берді.

Сәрсенбіде Жолдаудың толық нұсқасы газетке басылып, халыққа тарады. Мәлімдеменің мәнісі неде ? Дөңгеленген дүниедегі қазіргі қал-ахуал өздеріңізге аян. Елдердің экономикасы теңіздегі дауыл шайқаған кемелердей теңселіп тұр. Олардың аударылып-төңкеріліп, тұңғиыққа кету-кетпеуі кемедегі капитанға байланысты. Міне, Қазақ Президенті де бұл құжатта алты құрлықты алаңдатқан қазіргі түрлі сын-қатерге қарсы күресудің жолын, сан салаға серпін берер сүбелі істердің тетігін айқындап берді.

Үлкен үндеуде он басты бағыт бар. Әуелі «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» екендігіне екпін түсіріліп, сол бағыттағы істердің іргесі көрсетілген. Және «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамытудың» маңыздылығы да мәлімдемеге мән беріп тұр. Бұған дейін де еліміз жаңа технологиялардың көшіне ере бастаған. Осы Жолдауда Президент сол «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» екендігін жазды. «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» - дамудың даңғыл жолы болып қала бермек.

Ал, «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» әлеуметтің тұрмысын әлдендіріп, әрлендіруге сеп. Жолдауда жіліктеп түсіндірілген тағы бір тақырып - «Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Соның арқасында банктердің былығы кеміп, қаржы институттарының қылығы түзелуі тиіс. «Адами капитал – жаңғыру негізі». Сәйкесінше, білім, денсаулық салалары – адами ресурстың реңін реттеп, түрлі түйткілдердің емін табуы керек. Елбасы Жолдауда оның да жолын екшеп берді. Сондай-ақ, «Тиімді мемлекеттік басқару», «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» сияқты салмақты салалар да қамтылған.  Биылғы Жолдау «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деген өзекті мәселемен түйінделеді.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу