Осы аптада Қырғызстанның 5-ші президенті қызметіне кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Қырғызстанның 5-ші президенті қызметіне кірісті

26.11.2017

Осыдан 2 күн бұрын көршілес Қырғыз елі өздерінің 5-ші президенттерін ұлықтады. Сооронбай Жиенбековтің инаугурациясы «Ала-Арша» резиденциясында өтіп, рәсімге 450 қонақ шақырылды. Қырғыз ағайынның жаңа президентіне бұрынғы басшыдан қалған мұра көңіл көншітерлік деп айту қиын. Соңғы 6 жылда Қырғыз Республикасында бюджет тапшылығы 50 пайызға артып, былтыр 20 млрд. сомға жеткен. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Экономиканың жыртығын жамау үшін сырттан қарыз алған қырғыздардың қазіргі мемлекеттік берешегі ішкі жалпы өнімнің 62 пайызына жақындап қалды. Оның сыртында айналдырған 5 миллион халықтың 1 миллионнан астамы өз ішінде жұмыс таба алмай нәпақасын сырт елдерде жүріп тауып жүр. Бұл да болса экономикаға кері әсерін тигізбей қоймайды.  

Қазақстан өзімен шекаралас елдердің тұрақты, қалыпты дамуын қалайды. Ол жай ғана тілек емес. Біз үшін стратегиялық тиімділігі бар мақсат. Өйткені, көрші елдер неғұрлым бақуатты болса, олармен сауда-саттық жүргізу соғұрлым тиімді. Қазақ – қырғыз тәуелсіздік алғалы бері екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс артпаса кеміген емес. Ал, Алатаудың арғы бетін жайлаған ағайынның басына қандай да бір қысылтаяң заман туғанда алғаш болып көмек қолын созуға алдымен қашанда қазақ елі асығатын. Қазақ халқының бұл пейілін қырғыз халқы да жоғары бағалайды екен. Оған Бішкекке барып келген тілшіміз де көз жеткізді. 

Нұрбол ҚАПЕШОВ

Хабарламаларға жазылу