Бір кәсіпкерді 60-тан астам мекеме тексереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір кәсіпкерді 60-тан астам мекеме тексереді

26.11.2017

Шетел инвесторларына жағдай жасау керек, әрине. Онсыз олар мұнда аяқ баспайды. Келгендері болса, жағдайы кете бастаса, жиналып алып тайып отырады. Ал, отандық кәсіпкерлерді кім ойлайды. Кім жағдайын жасайды олардың? Шетелдіктер бүгін бар, ертең жоқ. Ал, осы елдің материалдық құндылықтарын өндіретін де, көбейтетін де алдымен отандық кәсіпкерлер. Солай бола тұра, біздің өз ішіміздегі кәсіп иелері едәуір қыспаққа ұшырап отыр. Өткен жылы мемлекеттік орган  қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне байланысты кәсіпкерлерден 45 мыңға жуық шағым түссе, биылғы жарты жылда тағы 18 мың арыз-шағым қабылданған. Құқық қорғау органдарына әдеттегі тексеру жүргізгеннен, кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғау әлдеқайда оңай. Бұл тізімге әкімшілік кедергілерді де қосыңыз. Қысқасы, бір кәсіпкерді құзіреті бар, құдіреті бар 60-тан астам мекеме тексереді екен.

Анықтама үшін айта кетейік, 2016 жылы шағын және орта бизнес саласына 101 мың 109 тексеру жүргізілген. Ең жиі тексеру жасайтындар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органы. Жалпы тексеріс үлесінің 38 пайызы осылардың үлесінде. Мейлі дейік, санитарлық талаптардың жіті қадағалануы сізге де, бізге де керек. Ал енді басқа құзыретті мекемелердің үлесін қарап көрейік. Олардан кейін тексерісті жиі жасайтын салық органдары - 23 пайыз. Өртке қарсы қызмет - 10 пайыз, еңбек инспекциясы - 6 пайыз, жер ресурстарын басқару мекемесі - 5 пайыз, қоршаған ортаны қорғау - 3 пайыз.

Ал тексерудің салдары кәсіпкерді бір-ақ нәрсеге апарып тірейді. Қып-қызыл шығын немесе тіпті банкроттық.

Әр мекеменің талабын орындап отыру үшін кез келген ірілі-ұсақты бизнесменге кем дегенде 10-нан астам заңгер ұстау керек. Ал, ондай мүмкіндік шағын кәсіпкер түгілі ірі компанияларда жоқ. Осыдан барып «келісе салу», «рахметін беру» сияқты бармақ басты, көз қысты әрекеттер басталады. Өйткені, кәсіпкердің өнбейтін іске дауласып, ұсақ-түйекке бола жауласып жүруге шамасы да, уақыты да жоқ. Осы апта Бас прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы мәселелерді түбегейлі шешу мақсатында бас қосты. Бұл осымен екінші рет өткізіліп отырған форум. Алдыңғысы былтыр маусым айында өткен болатын. Ал енді осы бір жылда не өзгерді? Тілшіміз айтып берсін.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу