Коронавирус 60-тан астам елде анықталып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус 60-тан астам елде анықталып отыр

02.03.2020

Коронавирустың таралуына байланысты Қытайда жабайы аң саудасына тыйым салынды. Себебі қауіпті вирус түз тағыларынан таралған деген болжам бар. Бүгінде әлемді жайлаған жұқпалы инфекция 60-тан астам елде анықталып отыр. Жұқпалы дерттен Иранда жоғары лауазымды шенеунік қаза тапса, АҚШ-тың Вашингтон штатында бүгін төтенше жағдай жарияланды. 

Иранда коронавирустан елдің жоғарғы кеңес мүшесі қайтыс болды. Әрі жұқпалы дертке Әйелдер және отбасы ісі жөніндегі вице-президент, денсаулық сақтау министрінің орынбасары, екі депутат шалдыққан. Инфекциядан елде 66 адам қаза тауып, оны 1500 жуығы жұқтырған. Қазір Ислам Республикасы коронавирус құрбандарының саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр. Сондықтан көршілес мемлекеттер Иранмен шекарасын жауып, әуе рейстерін тоқтатты. Ал соңғы мәлімтке сәйкес, Францияда коронавирустан 2 адам көз жұмған.

Оңтүстік Кореяда мыңдаған адамның коронавирус жұқтыруына себепші болған сектаның 12 лидері ұсталды. Оларға адам өлімі бойынша айып тағылып отыр. Бұған дейін Тэгу қаласында діни топтың мүшелері вирусты бір-біріне жұқтырып, эпидемияның өршуіне себепші болған. Соның салдарынан, 230 мың адам тексерілді. Ресми дерек елде жұқпалы дерттен 22 науқас қаза тауып, 4300-ден астам адам инфекцияны жұқтырған дейді.

Ал Қытайдың өзінде COVID-19-дан көз жұмғандар саны 2900-ден асты.  Дүниежүзі бойынша қауіпті инфекция 3056 адамның өмірін жалмаса, оны жұқтырғандар саны 89 мыңнан асып кетті.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу