Осы аптада Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды

29.10.2017

2017 жылдың  27-ші қазаны қазақ халқының жылнамаларына тарихи күн ретінде енері хақ. Дәл осы күні шын мәнісінде тарихи шешім қабылданды. Тұрмыс тәуелсіздігінен сана тәуелсіздігіне бастайтын жолға алғашқы қадам жасалды.

Жұма күні Қазақстан Президенті қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Жаңа әліпбиіміз 32 таңбадан тұрады. Оның тоғызы апострофпен белгіленген. Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне қатысты ұсынылған бірқатар жоба қоғамда қызу талқыланды. Біреуі олай деді, біреуі бұлай деді. Ақыры осы үлгісі мақұлданды.

Шынтуайтына келгенде қазақ болам, тілімді құрметтеп, ардақтаймын деген азаматқа жаңа әліппедегі әріптердің қалай таңбаланғаны маңызды емес. Диграф бола ма, диактрии бола ма, жоқ әлде апостроф негізінде жасала ма, мұның бәрі тек таңба. Шартты белгі. Жазу үлгісі. Әрі-беріден соң Мұхтар Әуезов пен Мұқағали, Қадір мен Фаризалар кириллицамен де қазақылығын, тілі мен рухын жоғалтпаған.

Мәселе, басқада. Қазақ елі алдағы күнде әлем көшіне ілесе ала ма, жоқ па? Өз тілін заман талабына сай икемдей ала ма, жоқ па? Осы тұрғыдан алғанда мұндай шешім қабылдау – уақыт талабы.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу