Ғалымдар латын әліпбиінің емлесі алдағы уақытта тағы да өзгереді деп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымдар латын әліпбиінің емлесі алдағы уақытта тағы да өзгереді деп отыр

22.10.2019

Латын графикасына қатысты қазір халық арасында түрлі пікір бар. Әсіресе елдің ойын екіге жарып тұрған мәселе - диграф әріптер жайы. Яғни бір дыбыс беретін екі әріптің тіркесі. Соңғы мақұлданған емледе мұнан өзге де кемшіліктер бар. Бұл мәселемен қазір орфографиялық комиссия айналысып жатыр.

Қазақ әліпбиінде екі диграф әріп бар. Ш мен ч. Үлкен сынға ұшыраған- осы екі әріп. Бұған тіл мамандар да қосылады. Сондықтан емледегі осы секілді кейбір әріптер ғана өзгертілуі мүмкін.

Анар Фазылжанова, Til- Qazyna ҰҒПО АҚ ғалым хатшысы:

3 мыңнан астам сауалнамашы қатысқан сауалнамада «схема» деген сөзді, әсіресе, мектеп оқушылары «шема» деп оқыған. Осындай тұстар бар. Енді «й» мен «і»-нің бас әріптерінде екеуінің де ноқаты жоқ. Сондықтан «Ине» деп жазған сөзді «Іне» деп оқуы мүмкін немесе керісінше, «ішік» деген сөзді «ишік» деп оқып кету қаупі бар.

Қазақ жазуын латын графикасына бірден ауыстыра салу мүмкін емес. Апробациялық жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Кейбір әріптер ЮНИКОД стандарттарына сәйкес ке лмейді. Бұл да тәжірибе барысында анықталды.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

Бастаған кезде клавиатурада қалай тұратынын біз білген жоқпыз. Оны енді клавиатураға салып, Қазақстан тарапынан, жергілікті атқарушы органдардан ЛЕНОВО компаниясына шығарып, тест өткізгенбіз. Соның қорытындысына сәйкес, басылған кезде әр түрлі кедергілер тудырған әріптер бар.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы twitter-дегі парақшасында жазды. Осы орайда мамандар «Емленің 90 пайызы дұрыс. Кейбір әріптер ғана өзгертілуі мүмкін»,-дейді. Ал қай әріп өзгереді, қайсысы қалады, оны комиссия шешеді. Бұл ретте ғалымдар мен тіл мамандарының ғана емес, халықтың да пікірі ескеріледі. Әбден елеп-екшегеннен кейін ғана нақты шешім қабылданады. Дегенмен, мамандар қазіргі емлемен латын графикасында жазуға тыйым салмайды. Қайта керісінше, неғұрлым көбірек жазып-сызған сайын кемшіліктер мен олқылықтар соғұрлым нақтырақ көрінеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу