Қырғыз елінде саяси жағдай шиеленісіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз елінде саяси жағдай шиеленісіп барады

02.04.2017

Биыл қарашада Қырғыз елінде президенттік сайлау өтеді. Сол оқиға қарсаңында елде саяси жағдай шиеленісіп барады. Соңғы бір айда мұнда оппозицияның екі өкілі Өмірбек Текебаев пен Садыр Жапаров тұтқындалды. Олар ұсталғаннан кейін Бішкекте жүздеген адам шеруге шығып, оның соңы қақтығысқа ұласып, ондаған кісі тұтқындалды. Полиция демонстранттарды күшпен таратты.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, Текебаев та, Жапаров та сайлауға кандидат ретінде түспек болған. Біріншісі 2013 жылы мемлекеттік қызметкерді кепілге алды деп айыпталып отырса, екіншісіне 2010 жылы ресейлік бизнесменнен 1 миллион доллар пара алды деген айып тағылып отыр. Оппозиция болса, бұған сенбейді.

Дегенмен, қазіргі мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев үміткер болып президенттік сайлауға қатыса алмайды. Бірақ, оның сыбайластарының ықпалымен былтыр елде конституцияны өзгерту туралы референдум өтті. Соның нәтижесінде премьер-министрдің билігі күшейетін болды. Болжамдарға қарағанда, дәл осы постты Атамбаев иеленгісі келеді. Алайда, президенттің өзі мұны жоққа шығарып отыр.

Айта кетейік, Атамбаевтың президенттігі тұсында Қырғызстандағы америкалық әскери база жабылып, республика Еуразиялық экономикалық одаққа кірді.

Хабарламаларға жазылу