Елбасы министрлер мен әкімдердің жұмысына сын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы министрлер мен әкімдердің жұмысына сын айтты

05.02.2017
Осы жұмада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев басқаратын ақ жағалы ұлықтар Үкімет үйінен екілік алған оқушыдай түрлері тұнжыраңқы, бастары салбыраңқы шықты. Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген мәжіліс құрып, сылбыр жүрген кей министрлер мен әкім-қараларды бір сілкіп алды. Шыны керек, бұл отырыстардың кейінгі жылдары «жұмсақ, жайлы» өткенін көз көрмепті. Сөздері мен істері алшақ болған соң, үнемі Елбасынан ескерту алып, сынға ұшырап жатады. Кемшілік көп. Енді оларға кеңшілік жоқ.

Бұрын «шабақтар» ұсталса, бүгінде «семіз шортандардың» өзі қармаққа түсуде. Әй, бірақ, қоғамды жегідей жеген жемқорлық кеселі асқынбаса, айықпай тұр. Енді қараңыз, Есеп комитетінің ақпараты бойынша, былтырдың өзінде 160 миллиард теңгеден астам қаражат көлемінде қаржылық заң бұзу деректері әшкере болған. 47 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 223 тұлға тәртіптік жазаға тартылған. Ең шымбайға бататыны – биліктің төрінде отырған, ел сенген, сырт көзге сүйкімі бар, тіпті, шетел көріп келген азаматтардың қомағайлығы – біздің өреге салсақ, ақылға қонымсыз. Жон арқадан пышақ ұру деген осы ма?!

Хабарламаларға жазылу