Президент дамудың жеті бағытын айқындап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент дамудың жеті бағытын айқындап берді

12.12.2022

Келесі жылы елімізде ірі кадрлық ауыс-түйістер болады. Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Президент министрлер мен әкімдердің жұмысын сынға алып, қатаң ескерту жасады. Әлеуметтік-экономикалық саланы дамыту үшін жеті бағытты айқындап беріп, нақты іске көшу қажеттігін ескертті.  

Досжан Маратұлы, тілші:

Кеңейтілген отырыста Президент Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын бірден айтты. Өйткені экономика кері кеткен, елді қымбатшылық қысып барады. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған көрсеткіш 19,6 пайызға жетті. Сондықтан министрлер мен әкімдер бар күшін халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмылдыруы керек. Бірақ жұрттың биліктен талап етіп отырғаны құрғақ сөз емес, нақты іс,- деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Әрине ел экономикасын арттыру үшін инвестиция саясатын қайта қарау керек,-деді Президент. Өйткені биыл іске асуы тиіс 300-ге жуық ірі жобаның 43-і ғана жүзеге асқан. Бұл өте төмен көрсеткіш. Салдарынан мыңдаған жұмыс орыны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды. Бұдан бөлек Ұлттық банк пен Үкіметке Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру тапсырылды. Өйткені қит етсе, осы қордан трансферт алуға әбден әуестеніп алған. Соның кесірінен табыс 10 жылда небары 1,6 пайызға ғана артқан. Жалпы Президенттің отырыста жүктеген тапсырмасы көп. Өңдеу өнеркәсібін арттыру, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы мен ауыдық жерлерді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  келесі жыл ауылдарды көркейтуге бағытталмақ. Ол үшін триллион теңге бөлінбек.
Сондай-ақ Президент алдағы жылы кадрлық ауыс-түйістер болатынын, әсіресе әкім орынбасарлары мен вице-министрлер ауысатынын айтты. Сондықтан бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді,-деді Тоқаев. 


Хабарламаларға жазылу