Ресейде қазақ жерінде жасақталған 28 панфиловшыларға арналып ескерткіш кешені ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақ жерінде жасақталған 28 панфиловшыларға арналып ескерткіш кешені ашылады

08.05.2016
Ресейде қазақ жерінде жасақталған 28 панфиловшыларға арналып ескерткіш кешені ашылады
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Мына мен тұрған жер Нелидово ауылының іргесіндегі 251-ші биіктік деп аталады. Естеріңізде болса, Александр Бектің Волоколам тас жолы повесінде осы маңдағы шайқас суреттелген. Яғни әйгілі Панфилов дивизиясының сарбаздары жаумен шайқасып, мыңдаған адам қаза тапқан. Сондықтан бұл жерлерді қазатын болсаңыз, сарбаздардың жеке заттарын, тіпті мүрделерін де табуыңыз мүмкін.

Майдан даласын зерттеп, Панфилов дивизиясының сарбаздарына қатысты дерек-дәйекті табу ақиқат үшін керек. Олардың жеке заттары мен құжаттарын немесе сүйегін тауып дәлелдемейінше, алып-қашпа сөзге тоқтау болмайды. Сондықтан биыл, бұл маңда қазба жұмыстарын жүргізу үшін, елімізден 2 бірдей жасақ келді. Солардың бірі Павлодар Мемлекеттік университетінің студенттерінен құралған «панфиловшылар» тобы.

Ақбота Сарыбай: Іздеу жасағының мүшесі:
Интернетте неше түрлі қауесет тарады. Панфиловшылардың ерлігі болған, болған жоқ деген. Сондықтан бұл пікірді жоққа шығару үшін және панфиловшылар ерлігінің болғанын көрсету үшін біздің университет осындай ойға келіп, өзіміздің жеке жасағымыз құрылған болатын. Бас кезінде қиналдық, түнде ұйықтаған кезде суық болды, жаңбыр болды. Осындай жағдайда қалай тамақ пісіру керек дегендей. Бәріміз қаланың баласы болғандықтан 2-3 күн қиналдық. Кейін біртіндеп үйреніп, бейімделіп алдық.

Жұмысқа биыл алғаш қатысып жатқан жастар үшін далалы жерде жүріп-тұру оңай емес. Қазір студенттер палаткада ұйықтап, ошақта тамақ әзірлеуді де үйреніп алды. Алайда, негізгі миссия – батыр бабалардан қалған бір ізді табу.

Ғалымжан Кәбір, студент:
Мына менің қолымдағы зат жердің астындағы темірді көрсетеді. 2-3 метр тереңдіктен тартады. Біз соғыс кезіндегі ата-бабаларымыздан қалған қаруларды, жеке заттарын іздеп жүрміз. Біз осы уақытқа дейін көптеген заттарды таптық.

Жастардың дала кезіп жүргеніне жарты айдан асты. Құралақан емес. Қысқа мерзімде көп-көрім нәтижеге қол жеткізді. Енді табылған заттардың барлығы елге жеткізіліп, Павлодардағы мұражайға тапсырылады.

Бақытжан Өтепов, «Панфиловшылар» іздеу жасағының жетекшісі:
Іздестіру жұмыстары қиын жүріп жатыр. Ауа-райы да қолайлы емес. Бірақ соған қарамастан, мына Ресей іздестіру тобымен бірнеше қымбат заттар табылды. Олар: Мосин винтовкасы, оған ілінетін пышақ, сарбаздың басына киетін қабы, сонымен қатар оқтар.

Волоколам ауданына қарасты бұл маңда, Панфилов дивизиясының 2 мың сарбазы жер жастанды. Сондықтан осы аумақты ресейліктер де белсенді түрде зерттеп жатыр. Қос тараптың да мақсаты бір болғандықтан, жергілікті іздеушілер өз тәжірибесімен бөлісіп, павлодарлық жастарға көмектесіп жүр.

Сергей Бобинов, «Панфиловшылар» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
Соңғы кездері «28 батырдың ерлігі жалған» деген сөздерді естіп жүрміз. Біз бұған қарсы талай мәрте мақала жаздық, фильм де түсірдік. Енді қазір қолға алған қазба жұмыстарымыз, олардың шынымен де болғанын дәлелдеп отыр.

Әйгілі Панфилов дивизиясының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Павлодарлық белсенділер Батыр жерлестерімізге арнап, Жеңіс күні қарсаңында Волоколам қаласынан ескерткіш ашуға да мұрындық болды.

Волоколам қаласындағы жауынгерлер қорымына қарапайым қала халқы, Мәскеу облысының басшылығы және студенттер мен оқушылар көп келді. Салтанатты жиын кезінде, Панфиловшылардың ерлігі жайлы естеліктер айтылып, ескерткіш ресми түрде ашылды. Бұл белгі қазақстандық сарбаздар ұмытылмасын, керісінше ұлықталсын деп, Мәскеу түбінде болған ұрыстардың 75 жылдығына орай орнатылды.

Бегзия Ысқақова, «Қазақстан алюминийі» АҚ вице-президенті:
Бұл үлкен патриоттық рух тәрбиелейтін үлкен шара. Бұның бастамасы 2005-ші жылы басталған болатын Негізі Ресей қалаларында, Украинада барлығы 11 ескерткіш қойыппыз. Ендігі жылға бізде тағы 3 жоба дайын отыр.

Жиналған жұрт жауынгерлер рухына тағзым етіп, гүл қойды. Павлодарлық белсенділер ескерткіштің іргесіне туған жерден жеткізілген бір уыс топырақты салды. Жалпы Мәскеу облысындағы халық та, ұлық та панфиловшыларды ерекше қастерлейді. Сондықтан олар тарихты бұрмалап, «Панфиловшылардың ерлігі жалған» деп жұртты дүрліктергісі келетін бәзбіреулерге, осындай игі шаралар арқылы жауап береміз деп отыр.

Эльмира Хаймурзина, Мәскеу облысы үкіметі төрағасының орынбасары:
Панфиловшылардың ерлігіне күмән келтіруге болмайды. Себебі бұл жерлерде оларды білетін көзі тірі адамдар да бар. Сондықтан панфиловшлырадың саны қанша болды, қандай ерлік көрсетті деп бір шикілік іздеудің өзі ақымақтық деп санаймын. Олар Мәскеуді қорғау үшін ерлікпен шайқасып, жандарын қиды.

Панфиловшыларды қазір жұрттың бәрі біледі. Алайда ерлігі ескерусіз қалған өзге де қаншама қазақ батыры бар. Тіпті із-түссіз кеткен боздақтар да жетерлік. Сондықтан оларды да іздеп тауып, есімін елге таныту, баршамызға аманат.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу