Қазақ жауынгерлерінің ерлігі ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жауынгерлерінің ерлігі ұлықталды

09.05.2023

Ржев даласындағы шайқаста барлығы 2,5 миллиондай жауынгер жан қиған. Дәл осы майданда мыңдаған қазақ сарбазының ерлікпен қаза тапқаны белгілі. Қазақстандық делегация мереке қарсаңында Ржев, Волоколамск қалаларына арнайы барып, екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған сарбаздарды еске алды.

Ржев даласындағы шайқаста барлығы 2,5 миллиондай адам жан тапсырған. Майданға Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-ші және 101-ші атқыштар дивизиясы қатысқаны белгілі. 100-атқыштар бригадасын бейресми түрде «қазақтар бригадасы» деп атап кеткен еді. Өйткені жауынгерлердің 86 пайызы қазақ ұлтынан болды.

Нұрболат Ысқақов, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі:

Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ елінен 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысынан қайтып оралмады. Осындай іс-шараларды өткізіп, батырларымызды еске алу - ол біздің міндетіміз және келер ұрпақтың аманаты.

Өңірде қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалды кешен бар. Ескерткіш 2010 жылы Қазақстанның бастамасымен ашылған. Мұнда майданда қаза тапқан 10 мың сарбаздың аттары тасқа қашап жазылған.

Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Олардың жасаған ерлігі мен батырлығын ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі күні қаншама азаматтардың әулеттерінде соғысқа қатысқан, халқының болашағын қанымен, жанымен қорғаған ата-бабаларын еске алып отырмыз.

Ржевте Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, дипломаттар, жастар соғыс жылдарында ерлік пен қаһармандық көрсеткен батырлардың рухтарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар Волоколамск қаласындағы қаһарман панфиловшыларға арналған мемориалға барды.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу