Тойды тартымды да, ұтымды ұйымдастырудың жолы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тойды тартымды да, ұтымды ұйымдастырудың жолы қандай?

17.04.2016
Тойды тартымды да, ұтымды ұйымдастырудың жолы қандай?
Тойшыл қауымға «Hilton Garden Астана» қонақ үйі тиімді ұсыныс білдірді.

Қазақтың қазынасы, өмірінің өрнегі – той. Тіпті, біздің бренд десек те болар. Онсыз тірлік мәнсіз демесек те, сәнсіз екені сөзсіз. Ұлын нарым, қызын арым деп санайтын қазақ, әрқайсының елеулі оқиғасын думанмен, салтанатпен сабақтайды.

Осы тұста, тойшыл қауымға «Hilton Garden Астана» қонақ үйі тиімді ұсыныс білдірді. Тойды тартымды да, ұтымды ұйымдастырудың жолы қандай?

«Hilton Gardenнің» төрі бүгін бұрынғыдан да әрлі, сәнді. Өйткені, қыз-келіншекке толы. Арулар осындағы шараға арнайы келген. Тақырып той, оның ішінде - қыз ұзату.

Алмас Нысанбаев, «Hilton Garden Astana» қонақ үйінің менеджері:
Біз әрине, ең жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді жұмсаймыз. Қыз ұзату -қыз баланың өміріндегі аса маңызды сәт. Бұл күнді біздің қонай үй ерекше өткізіп келеді.

«Hilton Gardenде» тойдың түр-түрі жиі өтеді. Өйткені, сәулет сәнді, қызмет сапалы. Бірақ, қонақ үй қызметкерлері той иелеріне игілікті идея мен ұтымды ұсыныс білдіруді ұйғарыпты.

Яғни, қазақтың салт-дәстүрін сақтай отырып, оны заманауи салтанатпен сәндеп, ерекше формат көрсетпек. Бұл іспен кәсіби түрде айналысатын тойдың ұйымдастырушылары да бар.

Жанна Горбачева, кәсіби той ұйымдастырушы:
Той ұйымдастырушылары дегеніміз кімдер? Қысқаша айтқанда, олар қыздың жасауынан бастап, киімі, опа-далаппен әрленуі, тойдағы фото, видео қызметі, тұтас айтқанда, думанды бастан-аяқ жоғары деңгейде ұйымдастырып беретін адам. Ол үшін оның өз тобы бар. Бұл қызмет түріне қазір елімізде сұраныс енді-енді артып келеді.

«Теріп шашқанша, шашып тер». Тойшыл қауымның қазіргі ұстанымы осыған саяды. Жылдар бойы қаржы жинап, думанға дайындық жасайтындар қазір некен-саяқ. Көбі куәлігін ұстап банкке барады, санаулы минуттарда-ақ миллиондап несие алады.

Одан соң, жоғарыда айтқан той ұйымдастырушыларының қызметіне иек артады. Сондай-ақ, бүгінде қыз жасауларының өзі дайын. Кәсіби дизайнерлер бар, солар істейді.

Ырза Тұрсынзада, авторлық дизайн үйінің директоры:
Бұл қыз жасауында бүкіл ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміздің бәрін қамтуға тырыстық.

Шараға қатысқан әйелдер келелі кеңестер мен ұсыныстар алды. Ұзату тойын қалай әсерлі өткізудің тетіктерін тапты. Той ұйымдастырушыларының қызметімен танысты. Қалай дегенмен, тек теңге емес, әр тойға ой да керек. Ұйымдастырушылардың айтары осы.

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу