Рауан Кенжеханұлы: Әлемге тартымды болудың жалғыз жолы – ұлттық болмысты жоғалтпау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рауан Кенжеханұлы: Әлемге тартымды болудың жалғыз жолы – ұлттық болмысты жоғалтпау

24.04.2017

«Басты тақырып» бағдарламасының кезекті шығарылымы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана қандай болмақ керек?», «Қазақ жастары жаңа заманның көшінен қалмауы үшін қандай оқулықтарды оқығаны, көңілге тоқығаны жөн?» деген сауалдар төңірегінде өтті. Осы және өзге сұрақтарға жауап табу үшін Рауан Кенжеханұлы студия қонағы болды.

 

«ХХІ ғасырда ең әуелі ұлттық сана ашық болуы керек. Мәселен, Клаус Швабтың «4-і өнеркәсіптік революция» атты кітабында 4 түрлі интеллектті келтірген. Олар – адамның ақыл-ойы, сезімі, рух және тән. «Осылардың бәрін біріктіре келе, ХХІ ғасырдағы тұлғаға қажетті қасиеттердің бәрін айтуға болар еді», деп жазған. Дей тұрғанмен, мұның бәрі адамның тамырсыз болмауын талап етеді. Өйткені, кез келген адам және ұлт өзінің мәдениетіне, біліміне, көзқарасына сұраныс қалыптастырады және ол сұраныс басқалардікінен ерекше болған жағдайда ғана қалыптасуы мүмкін. Сондықтан, әлемге ашық бола тұра, олармен иық тірестіре тұрып, тартымды болудың жалғыз жолы – ұлттық болмысты жоғалтпау», - деді Рауан Кенжеханұлы.

 

Оның айтуынша, өзі кезіккен орталардағы шетелдік азаматтардың ұлттық санасы, ұлттық түйсігі өте жоғары деңгейде. «Мәселен, адамдардың көбі АҚШ елінде ұлттық мәдениет жоқ, бәрі жан-жақтан жиналған халық», деп жатады, бірақ, оқыған адамдар ортасында жеке мәдениет деңгейі, қарым-қатынас құру деңгейі өте жоғары».

 

Сонымен қатар, сұхбат барысында 100 кітап аудару - қазақ тіліндегі ғылымды дамыту, сонымен қатар, қоғамдық талқыны жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың бастамасы деп есептейтінін айтты.

Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлы Гарвард университетінде білім алған және қазіргі таңда «Wikibilim» Қоғамдық қорының төрағасы.

Хабарламаларға жазылу